Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Таза Қазақстан – Таза Астана: елорданың тазалығы кімнің қолында?
Жаңалықтар

Таза Қазақстан – Таза Астана: елорданың тазалығы кімнің қолында?

29.06.2025
мин
0
314
Суреттер: «Астана Тазалық» ЖШС ресми сайтынан

Dauletten.kz тілшісі елорданың күнделікті тазалығы мен «Астана Тазалық» мекемесінің қызметі жайында айтып береді.

Таң қараңғылығын түріп, күн шапағы көкжиекке көтеріле бастағанда, Астана да көзін ашып, жаңарған бір күнге қадам басады. Көшелерде тым-тырыс тыныштық орнағандай көрінгенімен, көзге көрінбейтін еңбек әлдеқашан басталып кеткен. Қала әлі ұйқыда жатқанда, бір топ адам қолына күрек пен сыпырғы ұстап, арнайы техникасы көше бойлап, аялдамалар мен жаяу жүргінші жолдарын тазалап жүреді. Бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл – тіршілік тазалығының, мәдениетті қоғамның тірегі.

Осындай сәттерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тазалық – бұл біздің өмір салтымызға айналуы керек. Ол әрбір адамның санасынан басталады» деген сөзі ойға оралады. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – бүгінгі қоғамның жаңа өркениеттік бағдарына айналды. Тазалықты сақтау – тек тәртіп емес, ол – елдікті танытатын үлкен мәдениеттің көрінісі. Себебі қала – бұл тек ғимараттар мен көшелер жиынтығы емес, ол – әр азаматтың көзқарасы мен санасы көрініс тапқан орта. Қоғамды көркейту тазалықтан басталса, тазалықтың тамыры тереңде – Заң мен тәртіпте, сана мен салтта жатыр. Президенттің «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасында айтылғандай: «Тазалық пен тәртіп – өркениетті қоғамның белгісі».

Бүгінде елордаға келушілер саны күннен-күнге артып жатыр. Бас қаламыз үлкейіп келе жатқан мегаполис екеніне ешкім қарсылық келтіре қоймас. Мұндай қалада тазалықты сақтау – бір ғана ұйымның емес, тұтас жүйенің жұмысы. Астананың тап-таза таңын қамтамасыз ететін құрылым – «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл ұйым елорданың санитарлық тазалығына толықтай жауап береді. Қала әлі ұйқыда жатқанда, дәл осы мекеменің жұмысшылары қолына құрал-сайманын алып, күнделікті қызметіне кірісіп кетеді. Олардың көпшілігі жұмысқа күн көкке көтерілместен шығады. Ал кей техникалар түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Қала тұрғындары көріп үлгермей жатып, аялдамалар жуылып, қоқыс жәшіктері ауыстырылып, тротуарлар мен жиектер тазаланады. Бұл — тыныштықта атқарылатын тынымсыз еңбек.

Ресми деректерге сүйенсек, «Астана Тазалық» ЖШС-да 1300-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Қызмет барысында 400-ге жуық арнайы техника қолданылады (қысқы қар тазалайтын көліктер, су шашқыштар, қоқыс жинайтын техника және т.б.). Астананың тазалығын қамтамасыз ету – орасан ауқымды еңбек. Қала көшелерінен бастап, тротуарлар, саябақтар, алаңдар мен аялдамаларға дейінгі 24 миллион шаршы метрге жуық аумақ күн сайын санитарлық тазалаудан өтеді. Оның ішінде 9,9 миллион шаршы метрі – арнайы техникалармен, ал 14,4 миллион шаршы метрі – қол еңбегімен тазартылады. Бұл — қағаз жүзіндегі сандар емес, таң бозынан қара кешке дейін тынымсыз еңбек ететін адамдар мен техника қозғалысының нақты өлшемі. Қаланың әр бұрышында жұмыс істеп жүрген тазалы қмамандары – Астананың тазалығын сақтап тұрған тірек күш.

Мекеменің техникалық әлеуетіне:

– арнайы жол жуу көліктері,

– шаңсорғыш техника,

– қар тазалайтын және көктемгі-күзгі жапырақ жинайтын жабдықтар,

– қоқыс шығару және тасымалдау көліктері жатады.

Жазда көшелерге су себіліп, шаң басудың алдын алынса, қыста жолдар мен тротуарлар дер кезінде қар мен мұздан тазаланады. Көктем мен күзде — ағаш жапырақтары жиналып, арықтар мен суағарлар тазаланады. Бұл — үздіксіз, маусымдық сипатқа ие ауыр жұмыс. Ол тек физикалық еңбекпен ғана емес, ұйымдастырушылық, технологиялық және адами факторлардың бірлігімен орындалатын күрделі үдеріс.

Қазақта «Кісі еңбегін көрмеу – кісіліктің кемдігі» дейді. Біз кейде қаланың тап-таза көрінісін қалыпты дүние ретінде қабылдаймыз. Алайда дәл осы тазалықтың артында таңмен таласа тұратын, күннің аптабына да, аязға да шыдап, еңбегін үнсіз атқарып жүрген жүздеген адам бар екенін естен шығармауымыз керек.

«Астана Тазалық» мекемесі – қаланың көркін кіргізіп, ажарын ашып тұратын көзге көрінбейтін, бірақ қаланың сәнін ұстап тұрған тірек күш. Бұл мекеме жай ғана тазалықпен айналысатын құрылым ғана емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосатын әлеуметтік маңызы бар ұйым.

Тазалық – тәртіп пен мәдениеттің айнасы

Тазалық – жай ғана тұрмыстық қажеттілік емес, бұл – өркениетті қоғамның өлшемі, мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында тазалық пен тәртіпті ұстану – жаңа Қазақстанның бет-бейнесі екенін бірнеше рет атап өтті. Президент ұсынған «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында бұл ұғымдар азаматтық сана мен қоғамдық жауапкершілікпен тығыз байланысты.

Астана қаласының әкімдігі осы бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын жалпықалалық сенбіліктер, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, тұрғындардың қатысуымен өтетін ағаш отырғызу, саябақтарды тазарту, аулаларды абаттандыру шаралары – барлығы да тазалықты қоғам санасына сіңіруге бағытталған. Мұндай істерге жұртшылықтың белсенді араласуы – жауапкершілікті қоғам қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Себебі тазалық – тек мекеменің емес, әр адамның санасындағы ұқыптылық пен ішкі тәртіптің көрінісі.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Адам баласына адам баласының бәрі дос. Не үшін десең – дүниеде жүргенде бір-біріне көмектесіп жүрмесе, адам баласының күні құр» – деген. Ал бір қоғамда өмір сүріп жатқан азаматтар бірін-бірі сыйлап, ортақ мекенін таза ұстамайынша — мәдениетті ел болдық деу қиын. Қалада қоқысты қоқыс жәшігіне тастау, пластик пен қағазды сұрыптау, ауланы таза ұстау – бәрі де азаматтық борыш.

Бүгінде Астананың тазалығы – тек санитарлық қауіпсіздік қана емес, ол – елордамыздың имиджі, халықаралық туризмнің деңгейі, инвестициялық тартымдылығы және ұрпақ тәрбиесінің негізі. Шетелден келген қонақ пен инвестор бірінші кезекте таза әрі тәртіпті ортаны көреді. Сондықтан да тазалық — тек эстетика емес, ол — мемлекеттің әлеуетін танытатын құндылық.

Астананың таңмен бірге оянуы — тек қала қозғалысының басталуы емес, мыңдаған қарапайым жұмысшының үндемей атқаратын ерен еңбегінің белгісі. Бұл тіршіліктің тынысын қамтамасыз етіп отырған құрылымдардың ішінде «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орны айрықша. Аталмыш ұйым — қаланың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған негізгі күш, елорданың күнделікті тазалығы мен тәртібін сақтап тұрған көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды құрылым. Арнайы техникамен жабдықталған қаншама маманның еңбегі арқылы Астана көшелері тап-таза күйде сақталып, қаланың жайлылығы мен беделі арта түсуде.

Астана – Қазақстанның бет-бейнесі, өркениетті қоғамның символы. Оның тазалығы — ішкі тәртіптің, қоғамдық мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Бұл жауапкершілікті күн сайын иығына алып, қаланың көркін кіргізіп жүрген — «Астана Тазалық» мекемесі. Бірақ әрдайым есте сақтау керек қарапайым ереже бар. Тазалық әрқашан өзімізден басталады. Өзің өмір сүретін қоғамды өзіңдей сыйла! Астана - тазалықтың мекені!

Авторы: Ақмарал Ғалымқызы

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл