| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ақордада өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтіп, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Жиын барысында Мемлекет басшысы мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жүйелі шаралардың нәтижесінде энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің тұрақтылығы айтарлықтай күшейгенін айтты.

Президент заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына мүмкіндігінше тезірек көшу қажеттігін атап өтіп, ресурстарды тиімді әрі үнемді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2030 жылға дейін елімізде кемінде 200 нысанға реконструкция жасалып, 86 мың шақырым инженерлік желі жаңартылады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Балқаш атом электр станциясының құрылысы, сондай-ақ одан кейін салынатын екінші атом электр станциясы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
