Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көршілес елдермен достықты нығайтуға айрықша назар аударатынын айтып, Қытаймен, Ресеймен және өзге де шекаралас мемлекеттермен арадағы тату қатынастардың мызғымас екенін атап өтті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
- Қазақ халқы әрдайым көршісін құрметтей білген. Қуаныш пен қиындықта да көршімен тізе қосып, бірге болған. «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген ұғым – дінімізде де, дәстүрімізде де бар. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан аманат. Татулық пен көршілік қарым-қатынас халқымыздың өмір салтына айналған. Қазақстан көршілерімен бейбіт әрі достық қатынасты сақтауға ерекше мән береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, Ресей – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі, ал Қытаймен арадағы ынтымақтастықтың тамыры терең.
- Ресей – бұрыннан бергі сенімді серіктесіміз. Қытай елімен арадағы байланыс та берік. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген емес, келешекте де ондай қауіп жоқ, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар ол Қазақстанның Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан сынды бауырлас елдермен қарым-қатынасын жоғары бағалады.
- Қырғыздар – Алатауды бірге жайлаған бауырларымыз. Өзбектерді ежелден етене жақын ағайын көреміз. Түрікмен халқымен түбіміз бір, оларды да туыс деп қадірлейміз. Әзербайжан еліне деген құрметіміз ерекше. Жалпы, көршілерімізбен ынтымақты қарым-қатынас орнатылған. Ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей шекарасы – құрлықтағы ең ұзын шекара, ол да бейбіт жолмен белгіленді. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында ұзақ жылдар бойы шешілмеген шекара мәселесі бойынша тарихи келісім жасалды. Біз бұл үшін қуанамыз, әрдайым бауырларымызды қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Тоқаев өткен жылы Ақтау маңында болған ұшақ апатын еске алып, сол сәтте халықтың бірлігін, жанашырлығын ерекше атап өтті.
- Қазіргі тұрақсыз заманда бірлік пен татулықтың маңызы артып отыр. Бейбітшілік – бізге жайдан-жай келген емес, бұл – бүкіл халықтың бірлігінің, ынтымақпен атқарған еңбегінің нәтижесі. Ақтау маңындағы апат кезінде халқымыздың бірлігі мен жанашырлығын тағы да көрдік. Адамдар кезекке тұрып, қан тапсырды, Әзербайжан Елшілігіне барып гүл қойды. Бүкіл әлем халқымыздың жанашырлығына сүйсінді. Біз – жүрегі кең, ниеті таза елміз. Мейірімділік, қамқорлық пен тілеулестік – ұлттық болмысымыздың айнасы. Осы құндылықтарды сақтап, жас ұрпақтың бойына сіңіру – біздің міндетіміз, – деп қорытындылады президент.