Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, - деп хабарлайды Dauletten.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кеңеске Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы бүгінде әлемде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты мүлде жаңа сипаттағы технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
– Бұл технология бүкіл әлем елдерінің дамуына тікелей әсер етіп отыр. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлттың дербестігі мен экономикалық өсімінің басты қозғаушы күшіне айналуда. Біз бұл салада біраз жетістікке жеттік, бірақ босаңсуға болмайды. Бұл стратегиялық бағытта табанды түрде жұмыс істеуіміз қажет. Мен бұл жұмысты ең маңызды басымдықтардың бірі деп санаймын. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Оның жаһандық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Бұл – теңдесі жоқ өсім. Жасанды интеллект даму үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл саладағы бәсеке барған сайын күшейіп келеді.
– Биыл шілде айында АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі «America’s AI Action Plan» атты стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып қалуына қажет негізгі құрал ретінде қарастырылған. Біздің мамандар осы және басқа да стратегиялық құжаттарды мұқият зерттеп, нақты қорытынды шығаруы қажет. Ал Қытай жасанды интеллект саласында жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру жөнінде бастама көтерді. Бұл ұйымның мақсаты – жасанды интеллектіні басқарудың көпжақты тәсілдерін ілгерілету, цифрлық теңсіздікті жою, технологияны тұрақты пайдалану және оның этикасын қалыптастыру. Мен Қытайдың бұл ұсынысын қолдау қажет деп есептеймін. Дайындық жұмыстарына белсенді қатысуымыз керек. Бұл – еліміздің мүддесіне сай келеді. Қазақстанның басты мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшіп, әр мәселені жүйелі түрде қарап, батыл шешімдер қабылдап, олардың орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Бұған дейін мен Бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құруды жеделдету туралы тапсырма бергенмін. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық базаны жасап, мәліметтер жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастау қажет. Алайда осы тапсырмалардың орындалу барысы көңіл көншітпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекетті басқару ісін одан әрі цифрландыруды екінші маңызды басымдық ретінде атады.
Оның айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады.
– Алдағы бес жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдаланатын елге айналуымыз керек. Осы мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды нақтылап, әр қадамды мұқият жоспарлап, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауға тиіспіз. Қазір цифрлық саясатқа қатысты мемлекеттік ұстанымдарды қайта қарау қажет. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек. Үкімет Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және елдің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуі тиіс. Бұл жұмысқа халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық, барынша түсінікті, әрі алдағы жұмысымызға нақты бағдар болуы керек. Онда жасанды интеллектіні дамытудың және пайдаланудың барлық аспектісі қамтылуы тиіс. Бұл құжат экономика мен мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні енгізудің нақты жолдарын көрсетуі керек. Оның міндеті – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа индустрияларды қалыптастыру. Сонымен қатар еңбек нарығының трансформациясын тиімді басқару үшін жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға деген сұранысты болжауға баса мән беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.