Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
АҚШ президенті сайлау кезінде қолдау білдірген жүз мыңдаған америкалық мұсылмандарға алғысын айтты, - деп хабарлады Dauletten.kz.
Дональд Трамп америкалық мұсылман қауымының өкілдері мен бірнеше мұсылман мемлекеттерінің дипломаттарына арнап Ақ үйде ауызашар ұйымдастырды. Бұл оның екінші президенттік мерзіміндегі алғашқы ресми шарасы болды.
Мемлекет басшысы сөзін: “Рамазан айы құтты болсын!” – деп бастады. Ол 2024 жылдың қарашасында өткен президенттік сайлауда АҚШ-тағы мұсылман қауымынан үлкен қолдау алғанына ризашылығын білдірді.
Трамптың айтуынша, шараға Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ, Катар, Ливан, Пәкістан және басқа да елдердің өкілдері қатысты.
— 2024 жылғы президенттік сайлауда бұрын-соңды болмаған қолдау көрсеткен жүздеген мың мұсылман американдықтарға ерекше алғыс айтамын. Бұл – керемет жетістік! – деді АҚШ президенті.
Ол Ақ үй әкімшілігінің мұсылман қауымына берген уәделерін орындайтынын атап өтті.
— Біз Ыбырайым келісімдеріне сүйене отырып, Таяу Шығыста ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату үшін дипломатиялық жұмыстарды жалғастыра береміз – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Трамп Мичиган штатында тұратын мұсылмандарға ерекше алғысын білдірді.
— Мен президент болып қала бергенімше, әрдайым сіздермен бірге боламын және сіздерді қолдаймын. Мұны білгендеріңізді қалаймын – деп мәлімдеді ол.
АҚШ президенті жарқын әрі үмітті болашақ құру үшін мұсылман қауымымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.