Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Дүниежүзілік Ұлттық ұйқы қорының деректеріне сәйкес, түнгі уақытта жұмыс істеу адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін — әсіресе, жүрек-қан тамырлары, семіздік пен қант диабеті секілді аурулардың даму қаупі артады. Осыған байланысты түнгі ауысымда еңбек ететіндерге арнайы қолдау шаралары мен қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс.
Қазақстанда түнгі ауысымда жұмыс істейтін азаматтарға жоғарылатылған жалақы төлеу, медициналық бақылау мен арнайы демалыс тәртібі қарастырылған ба? Заң түнгі жұмысқа тартылғандарға қандай еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндеттейді? Бұл туралы Stan.kz тілшісі Алматы қаласындағы Еңбек инспекциясы комитетінің мамандарынан сұрап білді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Түнгі жұмысқа қанша қосымша ақы төленуі тиіс?
Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес, түнгі ауысымдағы әр сағаттық жұмысқа жұмыс беруші, еңбек немесе ұжымдық шарт талаптары негізінде, бір жарым есе немесе одан жоғары мөлшерде жалақы төлеуі қажет. Бұл есеп күндік не сағаттық тарифті негізге ала отырып жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, түнгі ауысымнан кейін қызметкерге келесі жұмыс басталғанға дейін кемінде 12 сағат үзіліс берілуі керек.
Егер түнгі жұмыс демалыс немесе мереке күніне түссе, жалақы қалай төленеді?
Мереке немесе демалыс күні түнгі уақытта еңбек ету жағдайында ақы екі бөлек есептеледі:
Екеуіне де еңбек немесе ұжымдық шарттар аясында, бірақ бір жарым еседен төмен емес мөлшерде төлем жүргізілуі тиіс.
Қызметкердің түнгі жұмысқа жазбаша келісімі қажет пе? Құқық бұзылса қайда жүгінуге болады?
Алматы қалалық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, түнгі уақытта 18 жасқа толмағандар мен жүкті әйелдерді жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Медициналық қорытындысы негізінде ерекше қажеттілігі бар адамдар түнгі жұмысқа тек жазбаша келісімімен жіберілуі мүмкін. Сонымен қатар, жеті жасқа дейінгі балалары бар аналарды немесе баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналарды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырғандарды да жұмыс беруші жазбаша рұқсатсыз түнгі жұмысқа тарта алмайды.
Егер жұмыс беруші заңды бұзып, қызметкерді рұқсатсыз түнгі ауысымға жұмылдырса немесе қосымша ақы төлемесе, азаматтар мемлекеттік еңбек инспекциясына шағым түсіре алады.
Түнгі ауысымда еңбек ететіндерге медициналық бақылау жүргізіле ме?
Еңбек инспекциясының мәліметінше, егер қызметкердің жұмысы қауіпті өндіріс орындарымен немесе механизмдермен байланысты болса, ол міндетті түрде ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуі тиіс. Мұндай міндетті тексеруден өту қажет кәсіп түрлерін денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы белгілейді.
Алайда, жалақыдан өзге әлеуметтік кепілдіктер немесе өтемақылар түнгі ауысымда еңбек ететіндерге қарастырылмаған.
Түнгі ауысымда еңбек ету – ауыр еңбек түрі
Еліміздің Еңбек кодексінде сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейінгі аралық түнгі уақыт ретінде көрсетілген. Ұйқы режимінің бұзылуы адамның биологиялық жүйелеріне теріс әсер етіп, кортизол, инсулин, мелатонин, серотонин секілді маңызды гормондардың жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бұл — түрлі аурулардың пайда болуына алғышарт.
Сондықтан түнгі ауысымда еңбек ететін қызметкерлерге жоғары мөлшерде ақы төлеу қажеттігі — заңмен де, медицинамен де негізделген.
Құқық бұзушылықтар тіркелуде ме?
Еңбек инспекциясының деректеріне сәйкес, соңғы бес айда департаментке 2405 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 2387 шағым еңбек жағдайының бұзылуына қатысты болған. Дегенмен, түнгі ауысымға қатысты нақты шағымдар тіркелмеген.