| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті. Іс-шарада өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктері таныстырылып, үздік еңбеккерлер марапатталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, биылғы 10 айда өңірде 1 трлн 252 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7% артық. Салаға 236 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, экспорт көлемі 592 млн долларға жеткен.
Өңірде 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл еліміздегі жалпы агроқұрылымдардың 33%-ын құрайды. Ал республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі.
Биыл облыста егіс алқабы 920 мың гектарға жетті. Диқандар 534 мың тонна астық, 1,7 млн тонна көкөніс пен картоп және 1,5 млн тонна бақша өнімдерін жинады. Мақта шаруашылығында рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 556 мың тонна шитті мақта өндірілді. Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары нәтиже.
Мал шаруашылығында да экспорт көлемі жоғары. Жыл басынан бергі 10 айда облыстан 35,5 мың тонна сиыр еті және 25 мың тонна қой еті экспортталған.
Сонымен қатар өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Атап айтқанда, Шардара ауданында құны 32 млрд теңге болатын жүгері өңдеу зауыты іске қосылған. Ал мақта-тоқыма кластері аясындағы жаңа кәсіпорындарда 1 200-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылған.
Фестиваль барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, асыл тұқымды мал мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жобалар таныстырылды. Сондай-ақ «Growmart AI» цифрлық агрохабын құру жөнінде стратегиялық ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.