| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Егер қайтыс болған азамат ресми жұмыс істеп, ол үшін әлеуметтік аударымдар төленген болса, оның отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қатар қосымша әлеуметтік төлем де ала алады, – деп хабарлайды Dauletten.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, асыраушысынан айырылған отбасыларды қолдау үшін екі түрлі төлем қарастырылған.
Мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді. Ол асыраушысынан айырылған, төлем алуға құқығы бар еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне қайтыс болған адамның еңбек өтіліне, жұмыс істегеніне немесе жалақысының мөлшеріне қарамастан тағайындалады.
Қосымша әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Егер қайтыс болған азамат үшін әлеуметтік аударымдар төленген болса, оның төлем алуға құқығы бар отбасы мүшелері мемлекеттік жәрдемақымен қатар осы төлемді де ала алады.
Қордан берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әр жағдайда жеке есептеледі. Ол қайтыс болған азаматтың ресми табысына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан мерзіміне байланысты. Яғни азаматтың ресми жалақысы неғұрлым жоғары болып, әлеуметтік аударымдары ұзақ уақыт төленсе, оның отбасы алатын қосымша әлеуметтік төлем де соғұрлым жоғары болады.
Төлемдерді кімдер ала алады?
Министрлік мәліметінше, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем мына санаттағы отбасы мүшелеріне тағайындалады:
– 18 жасқа толмаған балаларға;
– күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттерге;
– асыраушының сегіз жасқа толмаған балаларына, үш жасқа толмаған бауырларына немесе немерелеріне күтім жасайтын ата-анасының біріне не жұбайына.
Бұл төлемдер асыраушысынан айырылған отбасы мүшелерін қаржылай қолдауға, әсіресе балалардың білім алуын жалғастыруына мүмкіндік беруге бағытталған.
Төлемдерді қалай рәсімдеуге болады?
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу тәртібі жеңілдетілген. Қайтыс болу туралы мәлімет мемлекеттік дерекқорға енгізілгеннен кейін жүйе отбасы мүшелерінің төлем алуға құқығы бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер азаматтың төлем алуға құқығы анықталса, оған проактивті SMS-хабарлама жіберіледі. Осы хабарлама арқылы төлемді қосымша құжат жинамай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ азаматтар eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да өтініш бере алады.
10 айда отбасыларға 37,4 млрд теңге төленген
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы 10 айда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 69,3 мың отбасы төлем алған. Оларға жалпы 37,4 млрд теңге аударылған. Министрлік азаматтардың ресми жұмыспен қамтылуы олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ведомство алдағы уақытта Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлемнің нақты қалай есептелетінін қосымша түсіндіретінін хабарлады.