| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат тапсыру және іріктеу тәртігі жаңартылды. Өзгерістер атом саласы қызметкерлеріне, техникалық мамандарға және ауыл жастарына қатысты енгізілген, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан Үкіметі «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа талаптар 2026 жылғы 20 мамырда қабылданған қаулыда көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, енді атом энергетикасы, уран өндірісі, ядролық технологиялар және радиофармацевтика саласында еңбек ететін мамандар бағдарлама аясында жеке санат ретінде қарастырылады. Бұл бағыттағы қызметкерлердің шетелде білім алуы немесе тағылымдамадан өтуі үшін кемінде үш жыл еңбек өтілі болуы шарт.
Сонымен қатар, инженерлік және техникалық мамандық иелеріне қойылатын талаптар да нақтыланды. Техникалық бағыттар бойынша оқуға ниетті азаматтардан кемінде бір жылдық жұмыс тәжірибесі талап етіледі.
Бағдарламада ауыл жастарына арналған жаңа мүмкіндік те қарастырылған. Магистратураға түскісі келетін ауылдық жердің тұрғындары соңғы екі жыл бойы ауылда тіркеліп, сол жерде еңбек етуі керек. Бұл талап арнайы санат бойынша қатысушыларға қатысты енгізілді.
Тағы бір өзгеріс — конкурсқа қатысушылар енді мотивациялық хат тапсырады. Оның көлемі 500 сөзден аспауы тиіс. Хатта үміткер оқу орнын не себепті таңдағанын, шәкіртақының маңызын және болашақта алған білімін қалай пайдаланатынын түсіндіруі қажет.
Жаңа қаулы ресми жарияланған күннен кейін он күннен соң күшіне енеді. Ал «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау 16 қазанға дейін жалғасады.