Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Ұлттық дәмді заманауи форматта ұсынған ұстаздың кәсібі
Менің кәсібім

Ұлттық дәмді заманауи форматта ұсынған ұстаздың кәсібі

24.02.2026
мин
0
73
Сурет: Айымгүл Асанованың жеке альбомынан

Кейде үлкен кәсіп жоспарлы түрде емес, аяқ астынан қарапайым сыйлықтан басталады. Бір сәттік қызығушылық уақыт өте келе табыс көзіне, ал хобби – жеке брендке айналуы мүмкін. Ақтау қаласындағы 30 жастағы кәсіпкер Айымгүл Асанова дәл осындай жолдан өтті. Ол ұстаздық қызметін атқара жүріп, шоколадқа батырылған жеміс-жидек пен ұлттық өнімдерді заманауи форматта ұсынуды қолға алған. Сапалы өнім арқылы адамдарға қуаныш сыйлап және ұлттық дәмді жаңа қырынан танытып жүрген кәсіпкермен Dauletten.kz сайтының тілшісі әңгіме өрбітті.

Қайырлы күн, Айымгүл ханым! Сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет!

– Қайырлы күн! Әрине, кәсібімді қолдап жатқандарыңызға алғыс білдіремін. Оқырмандарға, мен сияқты шағын жеке кәсіппен айналысатын жандарға білетін пайдалы ақпараттар ұсынамын деген ойдамын.

Айымгүл ханым, шоколадқа батырылған құрт пен жеміс жасау идеясы қалай туды? Неге дәл осы бағытты таңдадыңыз?

– Негізі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Мен бұл кәсіпті 2022 жылдан бастадым. Негізі бәрі қызығушылықтан басталды. Сіңілімнің туған күніне өз қолыммен шоколадты құлпынай жасап көрдім. Сол кезде қатты ұнап кетті. Содан кейін YouTube-тан қарап, көп ізденіп, тәжірибе жасап үйрене бастадым. Бірден бәрі керемет болып кеткен жоқ әрине. Қателестім, қайта жасадым, тағы іздендім. Бірақ қызығушылық пен табандылықты қажет ететін бұл жұмысты кәсіби деңгейде  істеуді үйреніп алдым. Осы ісімді мұғалімдікпен қатар алып жүрдім. Қазіргі таңда декреттік демалыстамын.  Үйде баламның қасында отырып, өзімді дамыту үшін осы істі жасап жүрмін. Алғашында тек құлпынай жасаудан бастадым. Кейін мәзірді кеңейтіп, шоколадты құрт, шоколадқа батырылған құрма, банан, анар қостым. Сондай-ақ жақындарыңызды қуантатын мандарин букеттері және Рамазанға арналған “Рамазан” бокстарын шығара бастадым. Қазір бұл – менің хоббиім әрі баламның қасында отырып жасап отырған шағын табыс көзім. Ең бастысы, осы істен ерекше ләззат аламын.

Сурет: Айымгүл Асанованың жеке альбомы

Керемет Айымгүл ханым. Айтыңызшы жалпы ұстаз болу сіздің кәсіпкер ретіндегі болмысыңызға қалай әсер етті? Ұстаздық пен кәсіпті қатар алып жүру қиындық тудырмады ма?

– Мұғалімдік маған ең алдымен жауапкершілік, сабырлық және жүйелілікті үйретті. Балалармен жұмыс істеген адам кез келген жағдайда байсалды болуды, жоспармен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл қасиеттер кәсіпте де өте қажет екен. Сонымен қатар ұстаз ретінде шығармашылыққа жақынмын. Әр сабақты қызықты өткізуге тырысқаным сияқты, өнімдерімді де ерекше, эстетикалық, мәні бар етіп жасауға тырысамын. Ұстаздық пен кәсіпті қатар алып жүру кей сәттерде оңай емес. Әсіресе декретте бала тәрбиесімен бірге уақытты дұрыс бөлу маңызды болды. Бірақ мен үшін бұл қиындықтан гөрі мотивация. Үйде отырып та дамуға, табыс табуға болатынын өзіме дәлелдедім. Ең бастысы – бұл іс мені шабыттандырады. Сондықтан шаршаған сәттер болса да, сүйікті ісім күш береді.

Сурет: Айымгүл Асанованың жеке альбомы

Кәсіпті бастау кезінде қаржылық немесе моральдық қорқыныш болды ма? Сол кезеңді қалай еңсердіңіз?

– Аса қатты қорқыныш болды деп айта алмаймын. Себебі бұл істі бірден үлкен бизнес ретінде емес, қызығушылық ретінде бастадым. Көп қаржы салған жоқпын алғашқыда қолымдағы барыммен бастдаым. Аз-аздан бірақ үздіксіз жалғастыра бердім. Моральдық тұрғыда да өзіме “көрейін, үйренейін” деген оймен кірістім. Қателіктер болды, бірақ оларды тәжірибе ретінде қабылдадым. Солай біртіндеп өзіме деген сенімділік пайда болды.

Сурет: Айымгүл Асанованың жеке альбомы

Сапаға қалай мән бересіз? Өнім дайындауда қандай қағидаларды ұстанасыз?

– Мен үшін сапа – бірінші орында. Шоколадтың дұрыс ерітілуі, температураның сақталуы және өнімнің сыртқы эстетикасы аса маңызды. Тек жаңа, сапалы шикізат қолдануға тырысамын және әр тапсырысты өзім жеке бақылап жасаймын. Тазалық, ұқыптылық және жауапкершілік – басты қағидаларым. Меніңше, әр кәсіпкер тек табысын ғана ойламай, сапаны бірінші орынға қою керек. Бұл тұтынушылармен жақсы қарым-қатынас құрудағы маңызды құрал.

Сіздің кәсібіңіздің бір ерекше тұсы шоколадты құрт өнімі. Жалпы ұлттық өнімді заманауи форматта ұсыну арқылы қандай құндылықты жеткізгіңіз келеді?

– Шоколадты құрт – жай ғана өнім емес, ол ұлттық болмысты жаңа көзқараспен көрсету. Қазіргі жастар кейде дәстүрлі тағамдарды ескі форматта қабылдайды. Ал мен сол құндылықты заманауи, эстетикалық түрде ұсынып, “ұлттық өнім де стильді, тренд бола алады” деген ойды жеткізгім келеді. Құрттың негізі пайдасы да мол ғой, оның құрамындағы тұз тамақтағы вирустарды өлтіреді. Сосын құртты жесеңіз, көп су ішесіз. Ал су – адам ағзасындағы басты элемент. Айтпағым, бұл өнім – өткен мен бүгінді байланыстыру, ұлттық дәмді жаңа буынға қайта таныстыру деп ойлаймын.

Сурет: Айымгүл Асанованың жеке альбомы

Алғашқы тапсырысыңыз есіңізде ме? Сіз жасаған өнімді алғаш рет көрген адамдардың реакциясы қандай болады? Есте қалған ерекше пікір бар ма?

– Алғаш рет сіңілімнің туған күніне жасап берген едім. Сол кезде ол қатты қуанып, дәмін татып көргеннен кейін: “Неге тапсырыс қабылдамайсың?” деп мотивация берді. Негізі дәл сол сөз мені ойландырды. Басында жай қызығушылық ретінде көрген едім, ал сіңілімнің ойы өзіме деген сенімді арттырды. Содан кейін “байқап көрейін” деп алғашқы тапсырыстарды қабылдай бастадым. Тұтынушыларым да риза.

Ал кәсіп бастаймын деп, бірақ батылы жетпей жүрген ханымдарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазір шынымен де бұл саламен айналысып жүрген адамдар көп. Бірақ мен бір нәрсеге сенемін әр адамның өз несібесі, өз бағы бар. Сондықтан бастаймын деп жүріп, батылы жетпей жүрген ханымдарға айтарым, егер икеміңіз жауапкершілігіңіз болса, әрекет етуден емес, әрекетсіздіктен қорқу керек. Мінсіз бастау міндетті емес. Бастысы – алғашқы қадам. Тәжірибе процессте келеді, сенім де уақытпен қалыптасады. Ең бастысы – өзіңізге сену және әрекет ету.

Бәсекелестік ортада өз брендіңізді қалай ерекшелейсіз? Сіздің "фишкаңыз" қандай?

– Бәсекелестік ортада ең алдымен өніммен емес, көзқараспен ерекшелену керек деп ойлаймын. Бәсекелестік көп болғанымен, мен өз брендімді сапа мен эстетика арқылы ерекшелеймін. Әрбір шоколадқа батырылған тіскебасарды жай ғана тәтті өнім емес, көңіл күй сыйлайтын сыйлық ретінде дайындаймын. Сонымен қатар өзім педагог болғандықтан, тұтынушылармен коммуникация құру, көңіл күйін түсіну мен үшін оңай. Өнім тек дәмді емес, көз тартарлық болуы керек. Нарықта визуал өте маңызды. Сондықтан мен сапа мен стильдің арқасында тұтынушыма сенімді қалыптастырамын. Процесстің басынан бастап, қаптамасына дейін  ұқыптылықпен, жауапкершілікпен жасау керек.

Алдағы жоспарыңыз қандай? Бұл істі үлкен брендке айналдыру ойыңызда бар ма?

– Алдағы жоспарым – осы істі тұрақты түрде дамытып, сапасын одан әрі көтеру. Мәзірді кеңейтіп, жаңа идеялар қосқым келеді. Әрине, болашақта оны үлкен, танымал брендке айналдыру ойымда бар. Бірақ мен үшін ең бастысы – сапаны жоғалтпай, сенімді аудитория қалыптастыру. Бұл менің алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуде айтарлықтай маңызды.

Сұхбатыңызға рақмет, сіздің кәсіпті қалай бастағаныздың өзі оқырманға шабыт беретініне сенімдімін.

Айымгүл Асанованың кәсіпкерлік жолы – батыл қадам мен табандылықтың айқын үлгісі. Ол сүйікті мамандығын тастамай, керісінше ұстаздықтан алған қасиеттерін бизнесінде тиімді пайдаланып отыр. Шығармашылық ізденіс оның өнімдерінің сапасынан анық байқалады. Ұлттық өнімді заманауи форматта ұсынып, дәстүр мен трендті үйлестіре білген. Бұл – тек тәтті өнім емес, мәдени құндылықты жаңа буынға жеткізудің бір жолы.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл