| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне өз мәселелерін қолбасшылыққа анонимді түрде жеткізуге мүмкіндік беретін ULAN SENIM цифрлық жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жаңа жоба Мемлекет басшысының 2026 жылғы Жолдауында айтылған цифрлық трансформация міндеттері аясында қолға алынған. Жүйе әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға, олардың өтініштерін жедел қарауға және жеке құрам мен қолбасшылық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Қазіргі уақытта ULAN SENIM жүйесі Алатау қаласындағы Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінде сынақтан өткізіліп жатыр.
Сарбаздар қалай өтініш жолдай алады?
Жоба отандық Aitu мессенджері негізінде әзірленген. Әскери қызметші QR-кодты сканерлеу арқылы жүйеге кіріп, өзін таныстырмай-ақ өтініш қалдыра алады.
Ол үшін өтініштің санатын таңдап, туындаған мәселені сипаттау жеткілікті. Әрбір өтінішке жеке нөмір беріліп, тиісті шара қабылдау үшін қолбасшылыққа жолданады.
Өтінішті қарауға үш күн уақыт беріледі. Сондай-ақ әскери қызметшілер өз өтініштерінің қаралу мәртебесін бақылап, бұрын жолдаған хабарламаларының тарихын көре алады.
Қандай мәселелер бойынша шағымдануға болады?
Жүйе арқылы әскери қызметшілер әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға, материалдық қамтамасыз етуге, қызметтік мәселелерге және өз құқықтарының сақталуына қатысты өтініш жолдай алады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, әскери ұжымдағы келіспеушіліктер мен моральдық-психологиялық ахуалға қатысты мәселелерді көтеруге мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, сарбаздар күн тәртібін өзгерту, демалыс күндерін ұйымдастыруды жақсарту немесе асхана мәзірін жаңарту жөнінде ұсыныс білдіре алады.
Жүйе барлық әскери бөлімге енгізіле ме?
Қазіргі уақытта жоба пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сынақ барысында өтініштерді қабылдау, тіркеу, қарау және олардың орындалуын бақылау тетіктері тексерілуде.
Қолбасшылық үшін келіп түскен өтініштердің орындалуын қадағалауға арналған жеке кабинет қарастырылған.
Сынақ нәтижесінде анықталған кемшіліктер түзетіліп, ULAN SENIM жүйесін Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдеріне енгізу мүмкіндігі қаралады.
Жобаның негізгі мақсаты – әскери ортадағы ашықтықты арттыру, сарбаздардың мәселелеріне дер кезінде назар аудару және қолбасшылық пен жеке құрам арасындағы сенімді нығайту.