Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Әуе тасымалы ережелерін жиі ұшатын жолаушылар жақсы біледі. Ал ұшаққа сирек мінетіндер немесе алғаш рет сапарға шығатындар үшін әуежайда кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Әсіресе, ет өнімдерін тасымалдау кезінде күтпеген жағдайларға тап болмас үшін, қол жүгі мен багажға қатысты талаптармен алдын ала танысып алу маңызды. Қауіпсіздік қызметі тұрмыста үйреншікті болып кеткен қарапайым тағамдарыңыздың өзін алып қоюы мүмкін. Осыған байланысты Dauletten.kz сайты ет өнімдерін тасымалдаудың негізгі ережелерін ұсынады.
Қазыны/ет өнімдерін ұшақта тасымалдауға бола ма?
Қыс азығы – соғым. Сондықтан ет тасымалдау мәселесі өзекті бола түседі. Осыған байланысты барлық ережені еске түсірейік.
Ішкі рейс. Қазақстан аумағында ет тасымалдау талаптары әуе компаниясына байланысты. Мысалы, Scat, FlyArystan және Air Astana компаниялары ет өнімдерін (қақталған, сүрленген, мұздатылған немесе шикі) тек тіркелген жүк ретінде тасымалдауға рұқсат береді. Қаптамасы үш қабаттан тұруы керек: тығыз полиэтилен - қағаз немесе картон - тағы бір тығыз полиэтилен қабаты. Қол жүгінде ет тасымалдауға болмайды.
Сыртқы рейс. Шетелге ет өнімдерін тасымалдау кезінде әуе компаниясының ережелерін және барғыңыз келген елдің талаптарын ескеру қажет. Әуе компаниялардың талаптарын олардың сайтынан немесе байланыс орталықтарынан нақтылау керек.
Еуропа мен АҚШ. Бұл аймақтарға ет әкелуге қатаң тыйым салынған. Басқа елдерде ережелер әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан жолға шығар алдында міндетті түрде баратын елдің тәртіптерін зерттеген жөн. Шыны керек қазыдан бас тарту қиын. Nomad Soul әріптестері бұл тақырыпта өз тәжірибелерімен бөлісті. Қысқаша айтқанда: қазыны пісіріп, пакеттерге (мүмкіндік болса, вакуумға) салып, мұздату керек. Содан кейін қайтадан тығыз пакетке орап, қалың фольга қабатына орап, жүкке тапсыру қажет. Көпшілігі осылай жасайды, бірақ тәуекелдің бар екенін ұмытпаңыз. Егер етті тауып алса, оны тәркілеп, сізге ескерту жасайды. Кейде айыппұл салынуы да мүмкін.
Жалпы, ұшақпен қазы немесе басқа да ет өнімдерін тасымалдау белгілі бір ережелер мен талаптарды сақтауды қажет етеді. Қазақстан ішінде етті жүк ретінде тасымалдауға рұқсат етілсе, шетелге шығу кезінде бұл процесс күрделене түседі. Сондықтан сапарға шығар алдында әуе компанияларының және баратын елдің талаптарын мұқият зерттеген жөн.
Тәжірибеде қазыны дұрыс дайындап, мұздату және вакуумдау арқылы тасымалдау мүмкін болса да, ережелерді ескерген абзал. Әрдайым заңды талаптарды сақтап, сапарыңыздың жайлы өтуіне көңіл бөліңіз!