Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Маңғыстау облысында 2023 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 411 маман біржолғы көтерме жәрдемақы және 231 маман жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып алуға көмек ала алады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мұхамбетова хабарлады.
Лаура Мұхамбетованың айтуынша, осы жылы ауылдық жерге жұмыс істеуге келген мамандар 100 АЕК яғни, 345 000 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы және үй сатып алу үшін 1500 АЕК яғни, 5 175 500 теңгеден аспайтын сомада бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдауға ие бола алады.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандығы, ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппаратының бас және жетекші мамандары үміткер бола алады. Сонымен қатар, көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады, - деді Лаура Мұхамбетова.
Спикердің айтуынша, облыс бойынша 2022 жылы 423 маманға барлығы 131 млн теңге жәрдемақы берілген.
Сондай-ақ брифинг барысында Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін қажетті құжаттар тізімін атап өтті.
"Үміткер көтерме жәрдемақы алғысы келсе электронды үкімет веб-порталы арқылы өтініш жолдайды. Сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжат, бiлiмi туралы дипломының көшiрмесі, қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесі талап етіледі. Ал, тұрғын үйді сатып алуға және салуға бюджеттік кредит алған кезде, қағиданың 2-қосымшасына сәйкес өтiнiш, жеке басын куәландыратын құжат, бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi, көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi және сәйкестендіру үшін неке қию куәлігі мен некеде тұрған қызметті алушылар үшін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен кредиттік бюродан есеп құжаттары қажет болады", - деді Шынар Сұңғат.
Фото: ашық дереккөз
Тағы көру