Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел көлемінде "Отбасы – тәрбие бастауы!" атты онкүндік басталды. Бұл іс-шара аясында отбасылық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі рөліне ерекше көңіл бөлініп, балалардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы маңызды мәселелер қарастырылады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазіргі таңда елімізде балаларды сапалы әрі заманауи біліммен қамтамасыз етуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – "Жайлы мектеп" жобасы. Осы бастама аясында биылдың өзінде 217 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл мектептер соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталып, оқушылар үшін барлық жағдай жасалады.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
– Астанада халық санының үнемі артуына байланысты мектепке деген сұраныс та өсіп отыр. Мәселен, өткен жылы 12 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, 30 мыңдай оқушы бірінші сыныпқа барды. Осыған орай қалада білім нысандарының құрылысы қарқын алған. Әсіресе, "Жайлы мектеп" жобасы ерекше назарда. Біз №105 жаңа мектепте тұрмыз.
Бұл оқу орны 2000 оқушыға арналған, қазіргі таңда мұнда 1670 бала білім алып жатыр. Былтыр қыркүйекте ашылған мектеп биыл алғашқы түлектерін ұшырды. Мектеп заманауи құралдармен толық жабдықталған.
Мейірім Ашуұлы, №105 орта мектеп директоры:
– Бұл мектептердің басты ерекшелігі – материалдық-техникалық базасының заманауи талаптарға толық сай келуі. Мұғалімдерге де, оқушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Интерактивті тақталармен жабдықталған сыныптар, инклюзивті және сенсорлық кабинеттер бар. Балалар бір ауысымда оқиды. Пән кабинеттері терең білім беруге қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, кең әрі жарық спорт залдары, кітапхана мен медиазалдар балалардың қызығушылығын оятады.
Оқушылар пікірі (БЛИЦ):
Әмір Бауыржан, 6-сынып:
– Маған бұл мектеп ұнайды. Себебі мұнда көптеген кабинеттер бар, спорт залы үлкен. Және мектепте түрлі іс-шаралар жиі өтеді.
Аяулым Досмұхамед, 6-сынып:
– Мен ініме осы мектепке баруға кеңес бердім. Өйткені мектеп атына сай өте жайлы. Балалар үшін түрлі мүмкіндіктер жасалған.
Іңкәр Қылышбай, 6-сынып:
– Бұрын сыныпта 30-ға жуық бала болса, қазір 24 оқушы. Меніңше, аз бала болғаны жақсы. Бұл мұғалімге де, бізге де тиімді.
Өткен жылы елордада 16 «Жайлы мектеп» бой көтерді, оларда бүгінде 30 мың оқушы оқып жатыр. Биыл тағы 14 мың орындық 7 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл мектептер білім беру орындарындағы орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.
– Жаңа "Жайлы мектептер" негізінен халық тығыз орналасқан Нұра, Есіл, Алматы және Сарайшық аудандарында салынып жатыр. Биыл салынатын 7 мектептің арқасында 4 үш ауысымды және 5 бала саны шамадан тыс мектептердің мәселесі толық шешіледі, - деді Астана қаласы білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.
Президент бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" жобасы аясында жыл соңына дейін ел көлемінде 217 мектеп салынады. Бұл оқу орындарында 460 мыңнан астам бала білім алады. Жоба шеңберінде ауылдық жерлерге де басымдық беріліп, мектептердің 40 пайызы ауылдарда тұрғызылады.