| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жетісу облысында «Жетісу көшбасшылары» жобасы аясында жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған 10 іс-шара ұйымдастырылды. 2026 жылғы 24 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткен бастамаларға 1 000-нан астам жасты қамту көзделді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жоба аясында патриоттық кездесулер, зияткерлік сайыстар, мотивациялық тренингтер, мәдени-танымдық шаралар, спорттық жарыстар мен экологиялық акциялар өткізілді. Бағдарлама жастардың жан-жақты дамуына, қоғамдық өмірге араласуына және әлеуметтік бастамаларға қатысуына мүмкіндік беруді мақсат етті.
Алғашқы іс-шара 24 қыркүйекте «Жетісу жастары – ел болашағы» атты патриоттық-мотивациялық кездесумен басталды. Оған 50-ден астам жас қатысып, отансүйгіштік, ұлттық бірегейлік, азаматтық жауапкершілік және өңірдің дамуына жастардың қосатын үлесі туралы пікір алмасты.
30 қыркүйекте Талдықорған қаласында «Зияткер Жетісу» интеллектуалдық командалық сайысы өтті. Қатысушылар Қазақстан тарихы, әдебиет, ғылым, мәдениет және заманауи технологиялар бойынша білімдерін сынады. Сондай-ақ Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасы мен көрікті жерлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Жастардың жеке және кәсіби дамуына арналған кездесулер де ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 12 қазанда Талдықорған қаласында «Жас көшбасшы: табысқа бастар жол» атты мотивациялық кездесу өтті. Оған 30-дан астам жас қатысып, «Dauletten» қайырымдылық қорының президенті, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Қуандық Жасұлан Бостандықұлымен жүздесті. Кездесуде мақсат қою, уақытты басқару, кәсіби өсу, жеке жауапкершілік және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Ұлттық рух – ұрпаққа аманат» мәдени-танымдық кеші ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың тарихи мұраға қызығушылығын арттыру, салт-дәстүр сабақтастығын сақтау және ұлттық бірегейлікті нығайту.
Экологиялық бағыттағы бастамалар да жобаның маңызды бөлігіне айналды. Ақсу ауданының Қапал ауылында «Таза Жетісу – жарқын болашақ», ал Алакөл ауданының Ақши ауылында «Таза Post – Алакөл» акциялары өткізілді. Жастар туған өлкенің тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға және еріктілік қозғалысына үлес қосуға шақырылды.
Жалпы, жоба аясындағы іс-шаралар жастардың білімін жетілдіруге, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар қатысушыларға өз идеяларын ортаға салып, қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берілді.
«Жетісу көшбасшылары» жобасын «Жоғары жастар кеңесі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.