| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жетісу облысында газдандыру мен жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Алдағы екі жылда ондаған елді мекен табиғи газға қосылып, Талдықорғанда жаңа қазандық іске қосылады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жетісу облысында энергетика және газ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы өңірде төрт газдандыру жобасы іске асырылады.
Нәтижесінде төрт ауылдық елді мекендегі қосымша 10 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша облыстағы газдандыру деңгейі 68,6 пайызға дейін өседі.
Ал 2027 жылы 134 мың халқы бар тағы тоғыз елді мекенді газбен қамту жоспарланған. Бұл көрсеткіш жүзеге асса, өңірдегі газдандыру деңгейі 87,9 пайызға жетеді.
Сонымен қатар облыстағы энергетикалық нысандарды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС-ін жаңарту жобасы қолға алынған.
Үкімет Талдықорған қаласындағы жылумен жабдықтау жүйесін дамытуға да қаржы бөлді. Қаражат жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандық пен жылу желілерінің құрылысын аяқтауға бағытталады.
Жобалар іске қосылғаннан кейін Болашақ, Көктем, Бірлік және Құлагер шағынаудандарындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.
Мамандардың айтуынша, қыркүйек айында қуаты 49 Гкал/сағ болатын жаңа қазандықтың құрылысы толық аяқталады. Сонымен бірге күз мезгілінде Оңтүстік-Батыс ауданындағы жылу желілерін салу жобасы да тәмамдалады.
Осының нәтижесінде жаңа шағынаудандарда тұратын 20 мыңға жуық тұрғын сенімді жылу жүйесіне қосылады.