Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматының Бостандық ауданында жылу желілерін жаңарту жұмыстарына байланысты үш көшеде автокөлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, 30 мамыр мен 15 тамыз аралығында Бұқар Жырау желекжолының Байтұрсынов көшесінен Марков көшесіне дейінгі солтүстік жағында көлік қозғалысы тоқтатылады. Ал 29 мамырдан бастап аталмыш желекжолдың оңтүстік бөлігімен көліктердің жүруіне қайта рұқсат беріледі.
Сонымен қатар, 1 маусымнан 20 тамызға дейін Сәтпаев көшесінің Масанчи мен Байтұрсынов көшелері аралығында көлік қозғалысы екі бағытта да шектеледі.
Ал 2 маусымнан 20 тамызға дейін Габдуллин көшесінің Римский-Корсаков пен Нахимов көшелері арасындағы бөлігінде де екі бағытта қозғалысқа шектеу енгізіледі.
Әкімдік өкілдері қозғалысты шектеу жылу магистральдары астындағы учаскелерде жоспарлы жаңғырту жұмыстарын қауіпсіз жүргізу үшін қажет екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Бостандық ауданында Габдуллин – Хамит Ерғалиев, Жағалау – Бұқар Жырау – Байтұрсынов көшелері аралығындағы, жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын, 1983 жылдан бері жұмыс істеп тұрған жылу құбыры жаңартылады. Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі.
Бұл жылу желісі 128 көпқабатты үйді, 25 жеке тұрғын үйді, 2 балабақшаны, 1 мектепті, 1 медициналық мекемені және тағы 65 нысанды жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Биыл Алматыда жалпы ұзындығы 39 шақырым болатын жылу трассаларын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл қаладағы желілердің тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, қозғалыс шектеулеріне қатысты толық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram-арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармалардың әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және “Яндекс карталар” қосымшаларында жарияланған.
“Алматы жылу жүйесі” өкілдері тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.