Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2025 жылы декреттік демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа шыққан аналар еңбекке жарамды болып саналатындықтан, оларға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем қарастырылмайды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ел бойынша бес ана мемлекеттен бала күтімі үшін берілетін жәрдемақыдан айырылған.
Қазіргі таңда Таңшолпан Орынтай бала күтіміне байланысты демалыста. Ол тұңғышы үш жасқа толғанға дейін жұмысқа шықпауға бел буған. Себебі табыс тапқан жағдайда мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан айырылатынын жақсы біледі.
- Мемлекеттік қызметкер болған соң қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Жұмыс кестем оған жол бермейді. Қазір күйеуімнің жалғыз табысына қарап отырмыз. Өзім жұмыс істемегендіктен табысым жоқ. Қарыздарым, несием, пәтерақым бар. Сондықтан бұл жүйені әділетсіз деп есептеймін, – дейді Таңшолпан Орынтай.
Соңғы уақытта декреттік төлемдерге қатысты мәселелер қоғамда қызу талқыланып келеді. Қолданыстағы сақтандыру ережелеріне сәйкес, бала күтіміне байланысты мемлекеттік төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Бұл кезеңде аналарға жалақысының 40%-ы көлемінде төлем төленеді. Алайда, егер әйел адам декреттік демалыстан ерте шығып, жұмысқа орналасса, онда әлеуметтік төлемдер тоқтатылады.
- Бұл норма 2023 жылдан бастап күшіне енген. Егер декреттегі ана қосымша табыс тапқысы келсе, ол бұл туралы 10 жұмыс күні ішінде тиісті органдарға хабарлауы тиіс. Бұл міндеттілік әлеуметтік төлем алушының жауапкершілігінде. Әзірге барлық төлемдер нақты жүйе арқылы бақылауға алынбаған, – дейді Әлеуметтік сақтандыру қоры департаментінің директоры Дина Байегізова.
Егер декреттік демалыстағы аналар табысы туралы мәліметті жасырса, бұл заңбұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда сақтандыру қоры заңсыз алынған төлемдерді толық көлемде кері қайтаруды талап етуге құқылы.
Биыл бес әйел декреттік демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа шыққан соң, оларға төленіп келген әлеуметтік жәрдемақы тоқтатылған. Олар тиісті өтініштерді өз еріктерімен берген. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы 277 мың ата-ана бала күтімі бойынша жәрдемақы алған. Олардың шамамен 9%-ы мемлекеттік төлеммен қатар қосымша табыс көзін иеленген. Әлеуметтік сақтандыру қоры бүгінде барлық төлемдерді бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.