Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Dauletten.kz сайты биыл елімізде болған басты саяси-экономикалық және халық қызу талқылаған оқиғаларға шолу жасайды.
"Майқайың-алтын" кенішіндегі апат: негізгі деректер
2024 жылдың 4 қаңтарында Павлодар облысындағы "Майқайың-алтын" кенішінде құтқарушылар мінген автобус 150 метр тереңдіктегі шұңқырға құлап, төрт адам қаза тапты.
• Құтқарушылар Олег Тышкевич пен Сарқыт Бердіханның денелері оқиға орнында табылды.
• Қалған екі құтқарушыны іздеу жұмыстары жарты жылға созылды. Айдос Шаймерденнің денесі 19 шілдеде, Айып Төлеубергеннің денесі 25 шілдеде табылды.
• Шұңқырдың өлшемдері: ұзындығы 150-200 м, ені 500 м, тереңдігі 150 м.
Қылмыстық іс:
• Апатқа байланысты “Майқайың-алтын” АҚ-ның алты қызметкері, соның ішінде бұрынғы директор мен орынбасары, қамауға алынды.
• Бір күннен кейін олар үйқамаққа ауыстырылды.
Су тасқыны
Биыл Қазақстанда 80 жылда болмаған ең ірі су тасқыны болды. Наурыз айы мен 10 сәуір аралығында Қазақстанның 17 облысының 10-ында төтенше жағдай жарияланды. Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында су тасқыны болды.
Атырауда, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында табиғи апаттың салдары қатты болды.
Зардап шеккен 10 облыстың су басқан аймақтарынан 96 500 адам, оның ішінде 31 600 бала қауіпсіз жерге көшірілді. 8,5 миллион текше метрден астам су сорылды
Су тасқынынан келген шығын шамамен 6 миллиард теңгеден асты. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан үйлерi зақымданған қазақстандықтарға көмек көрсету үшiн 22 миллион теңге берілетінін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.
Қазақстандағы ең атышулы сот немесе Салтанат заңы.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкенованы жазым етуіне қатысты атышулы іс қазақстандықтарды ғана емес, шетел азаматтарын да дүр сілкіндірді. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл іс туралы тек отандық БАҚ емес, шетелдіктер де жазып, әділ шешім шығуын сұрады.
Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 9 қарашада ұсталды. Кейін бұл қылмысты жасырды деген айыппен қылмыс болған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң сот процестері 2024 жылдың көктемінде өтті.
27 наурыз бен 10 мамыр аралығында өткен сот отырыстары 24 күнге созылды. Барлық сот процесі Жоғарғы соттың YouTube арнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Бұл трансляцияны әлемнің әр түкпірінен бақылаған азаматтар болды.
Содан сот шешімімен Қуандық Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.
2024 жылғы сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойып, ол 14 маусымда күшіне енді. Қоғамда "Салтанат заңы" аталған бұл құжат әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң шаралар енгізді.
Заң бойынша ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, балаларға жасалған зомбылық, кісі өлтіру және жыныстық қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық істері бойынша тараптарды татуластыруға тыйым салынды.
Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті
Астанада өткен ШЫҰ саммитіне Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзірбайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы, ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры, ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы мәселелерді талқылады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: елордадағы ұлы дода
8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілді. Оған 90-ға жуық елден келген 2500-ден астам спортшы қатысып, көшпенді халықтарға тән ұлттық спорт түрлерінен жарысып, 97 медаль жиынтығын өзара бөлісті.
Алты күнге созылған додада Қазақстан құрамасы 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Жарыс қорытындысы бойынша 33 елдің спортшылары жүлдеге ие болды. Жүлдегерлер қатарында Канада мен Мексика сияқты алыс шетелдерден келген спортшылар да болды.
АЭС: жалпыұлттық референдум
6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өтті.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, референдумға қатысу құқығы бар ҚР азаматтарының жалпы саны – 12 млн 284 487 адам болды. Оның 63,66 пайызы немесе 7 820 204 дауыс берді. Халықтың 71,12 пайызы АЭС салуға дауыс берді.
Талғардағы трагедия
4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат бір топ кісінің қолынан ажал құшты. Жаппай төбелес болған. Қайғылы оқиға жігіттің отбасы жалға алған дүкенде сатып алушының сыра үшін төлем жасаудан бас тартуынан басталған. Бұл сұмдық оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Әлеуметтік желіде жасөспірімді бірнеше адамның жабылып ұрып-соғып, пышақтаған видеосы тарады. Қазіргі таңда осы іске байланысты 11 күдікті бар, тергеу барысында 170 куәгерден жауап алынған. “Баланы өлтіру” және қосымша төрт қылмыстық іс қозғалды.
Көп ұзамай Шерзаттың отбасының үйі өртенді. Күдіктілер әлі анықталмағандықтан, отбасыны ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қорғауға алды. Осы оқиғалардан соң кейін Алматы облысы прокурорының орынбасары, Талғар ауданының прокуроры, қала әкімі мен орынбасары, сондай-ақ әкім аппаратының басшысы қызметтерінен босатылды.
Алайда жағдай ушыға түсті. 8 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ол негізгі куәгер әрі жәбірленуші ретінде тіркелген еді. Туыстары марқұмның суицид жасағанына сенбейді.
10 желтоқсанда Нұрғанатты жерлегеннен кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов көшеге шығып, журналистердің келуін талап етті. Ол өзіне пышақ тақап, наразылық білдірді деп полиция 15 тәулікке “Ұсақ бұзақылық” бабы бойынша қамауға алды.
Қаржаубайдың әпкесі Бақыт Реймова “Митингке шақыру” айыбы бойынша 15 тәулікке қамалып, елден депортациялану жазасына кесілді. Қарындасы Салтанатқа бұзақылық жасағаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, ал күйеу баласы да әкімшілік қамауға алынды.
Қазіргі уақытта Қаржаубай Нұрымовқа полиция көлігінің дөңгелегін жарғаны үшін “бөтеннің мүлкін бүлдіру” бабымен қылмыстық іс қозғалған. Айтпақшы, жақында Қаржаубай әкімшілік қамаудан босап шықты. Қазір отбасының жанында. Алайда отбасына қатысты қауіп-қатер сейілмегенімен, тергеу жалғасып жатыр.
Ақтау маңындағы әуе апаты
25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.
Көлік министрлігінің дерегі бойынша ұшақта болған 67 адамның 38-і көз жұмып, 29 адам аман қалған. Жолаушылар арасында 37 Әзірбайжан азаматы болып, оның 23-і қайтыс болды. Қырғызстанның үш азаматы дін аман. Ресейден 16 адам болған, олардың жетеуі мерт болып, тоғызы тірі қалды. Сондай-ақ ұшақта болған 6 қазақстандық қаза тапты. Экипаж мүшелерінің үшеуі көз жұмып, екеуі аман қалған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, көңіл айтты. Қазақстан тарапынан апат себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеу жан-жақты және әділ жүргізілетіні хабарланды.