Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Желіде Жетісу облысы Ақсу ауданында жас әйелдің бірнеше сағаттық азаптаудан кейін қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиғаға байланысты облыстық полиция департаментінің өкілдері түсінік берді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қылмыс туралы алғаш болып журналист Сандуғаш Дүйсенова Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, 32 жастағы әйел екі жасар қызының көз алдында аяусыз өлтірілген. Күдікті ретінде марқұмның күйеуі танылып отыр.
Туыстарының айтуынша, алдымен ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, кейін әйел бірнеше сағат бойы азапталған. Одан соң қатыгездікпен соққыға жығылған.
Журналист келтірген дерек бойынша, медициналық сараптама қорытындысында жабық бас-ми жарақаты, миға қан құйылу, ми ісінуі, бас сүйегінің сынуы, аяқ-қол және жамбас сүйектерінің көп жерден сынуы, денеде сүйрету іздері анықталған.
Марқұмның туыстары әйелдің білегінен арқанмен атқа байланып, далада сүйрелгенін айтады.
— Оны сүйреткені соншалық, сүйектері көрініп қалған. Бұл бұрынғы заманның жаза түрін еске салады, — дейді көз жасы көл болған марқұмның анасы.
Марқұмның күйеуі шаруашылықпен айналысқан, үйінде көп жылқы ұстаған. Туыстарының пікірінше, әйелге көрсетілген зорлық-зомбылық тым ауыр болған: тізесінің терісі жұлынған, саусақтары сынған және шыққан, денесінің кей тұстары терең тырналып, қызыл еті көрінген. Бұған қоса, марқұм жүкті болған болуы мүмкін деген күдік бар.
Бұл жантүршігерлік оқиға екі жасар баланың көз алдында болған деседі. Қазір бүлдіршін психологиялық күйзеліске ұшыраған.
Ал күдікті күйеуі әйелдің екінші қабаттың терезесінен селфи жасап жатып құлап өлгенін айтқан.
Жетісу облыстық ПД мәліметінше, оқиға “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру салдарынан өлімге әкеп соғу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеріліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Тергеу облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында. Қылмыстың толық және жан-жақты бейнесін қалпына келтіру үшін қажетті барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Дәлелдер жиналып, сараптамалар тағайындалып жатыр. Барлық нұсқалар мұқият тексеріледі, — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері тергеу заң аясында және процеске қатысушылардың құқықтары сақтала отырып жүргізілетінін мәлімдеді. Кінәлілер толық жауапқа тартылмақ. Тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер әзірге жарияланбайды.