| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан экономикасының 2027–2029 жылдардағы нақты орташа жылдық өсімі 5 пайыздан жоғары болуы мүмкін. Үкімет бұл өсімді мұнай бағасына ғана сүйенбей, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын дамыту арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан алдағы үш жылда экономикалық өсім қарқынын 5 пайыздан жоғары деңгейде ұстап тұруды көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Жаңартылған болжам бойынша, 2027 жылы әлемдік экономика 3,4 пайызға өседі деп күтілуде. Алайда Қазақстан үшін сыртқы нарықтағы жағдайдың бірқатар тәуекелі сақталмақ.
Соның бірі — мұнай бағасы. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған болжамдарын төмендеткен. Қазіргі консенсус-болжам бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 70,3 доллар шамасында болады деп күтіледі.
Осы факторды ескере отырып, Қазақстанның базалық сценарийінде мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде алынған.
Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы бойынша болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам мұнайдың бір баррелі үшін 70,3 долларға дейін төмендеді. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды, – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы өсім көрсетуді жалғастырады.
«Базалық сценарийге сәйкес, 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономикалық өсім мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен жоғары болады», – деді вице-премьер.
Яғни Үкіметтің болжамындағы негізгі өзгерістердің бірі — экономикалық өсімнің мұнай секторынан тыс салаларға көбірек сүйенуі.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия және тамақ өнеркәсібі негізгі бағыттардың қатарында.
Ауыл шаруашылығы да өсімнің негізгі көздерінің біріне айналмақ. Үкімет бұл саладағы орташа жылдық өсімді кемінде 5 пайыз деңгейінде болжайды.
Құрылыс саласында да айтарлықтай қарқын күтіліп отыр.
- Құрылыс саласындағы өсім 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жеделдейді. Бұған көлік-логистика, энергетика және су инфрақұрылымын дамыту жобаларын жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7%-ға, көлік және қоймалау саласы 10,4%-ға, ақпарат және байланыс саласы 9,2%-ға өседі, – деді Ұлттық экономика министрі.
Осылайша, Үкіметтің 2027–2029 жылдарға арналған базалық сценарийі бір ғана салаға тәуелді болмай, экономиканың бірнеше бағытын қатар дамытуға негізделіп отыр.
Егер болжам жүзеге асса, Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі үш жыл ішінде 199,3 трлн теңгеден 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.