Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Балаларға арналған алғашқы қазақ тілді STEPPE GAMES мобильді ойыны таныстырылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
2025 жылғы 15 қазанда Астана қаласында қазақ тілінде әзірленген балаларға арналған алғашқы мобильді ойын – STEPPE GAMES жобасының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, қоғамдық пікір көшбасшылары, IT-мамандар, ата-аналар мен балалар қатысты.
“STEPPE GAMES” – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген, балалар мен жасөспірімдерге қазақ тілін заманауи әрі тартымды форматта үйретуді мақсат еткен мобильді қосымша.
Жоба қазақ тілін оқытудың интерактивті тәсілдеріне негізделген. Оның басты мақсаты – ойын арқылы тіл үйренудің тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, жоба қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамытуға, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттауға және мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі орнын күшейтуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоба авторларын құттықтап, STEPPE GAMES ойынының мемлекеттік тіл саясатын ілгерілету мен білім беру саласын цифрландырудағы маңызын атап өтті. Министр бұл бастаманың қазақ тілін үйретудің тың, креативті әрі қолжетімді үлгісін қалыптастыратынын жеткізді.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай жобаның мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктеріне тоқталып, ойынның балалардың қазақ тілінде еркін сөйлеу қабілетін дамытуға бағытталғанын айтты. Ол тілдік білімді жаттанды түрде емес, тәжірибе арқылы меңгерудің маңызын ерекше атап өтті.
Тұсаукесер барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Дархан Қыдырәлі, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жобаны қолдап, авторлар мен әзірлеушілерге сәттілік тіледі. Спикерлер өз сөздерінде балаларға арналған қазақ тіліндегі заманауи цифрлық контенттің маңыздылығын және оның стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Іс-шара барысында ойынның құрылымы мен мүмкіндіктері таныстырылып, қатысушылар қосымшаны тәжірибе жүзінде қолданып көрді. Балаларға арналған арнайы ойын аймағы ұйымдастырылып, кішкентай қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.
STEPPE GAMES мобильді қосымшасы App Store және Play Market платформаларында қолжетімді.