472.03
540.29
6.11
Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
«Баланың бөтені жоқ»: қоғам бөтен баланың тағдырына жауапты ма?
Жаңалықтар

«Баланың бөтені жоқ»: қоғам бөтен баланың тағдырына жауапты ма?

06.07.2026
1 мин
0
69
Сурет: Pixabay

Қараңғы бөлме. Көпқабатты үйлердің бірінен отбасылық жанжал естіледі. Балалардың жылаған сәті, әйелдің қатты шыңғырған дауысы. 18 жасар Айманның әкесі оған және артынан ерген бауырларын ұрып-соғып, зорлық көрсеткеніне біраз жыл болды. Бірде сабаққа әкесінің соққысынан қолы ауырып барса, бірде қатты жылағаннан көзі ісіп жүрді. 4 жасар інісі әлі кішкентай болса да, әкесі оны да аямайтын. Балалар қаншама жыл әкелерінің соққысы мен қорлығына шыдап келген.  Дәл осы көріністі естіген, тіпті көрген адамның көбі араласпайды. Десе де, қабырғасы жұқа көпқабатты үйдегі жанжалдың жарасы бәріне аян. «Отбасының өз мәселесі» деп үнсіз қалуымыз мүмкін, ал сол үнсіздіктің ішінде өмір сүріп жатқан бала үшін бұл жай ғана жанжал емес...

(Мақаладағы Айманның оқиғасы –  шынайы. Кейіпкердің аты өзгертілді). 

Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қатысты деректерге сүйенсек, 2025 жылдың І тоқсанында 17 200-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға аз. Сондай-ақ 840 қылмыстық іс қозғалған. Бұл 2024 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда шамамен 4 есе көп. Себебі 2024 жылғы заңнамалық өзгерістерге түзетулер енгізіліп, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. 

Ал UNICEF пен Ұлттық статистика бюросының балалар арасында зорлық-зомбылық көру дерегі бойынша 2024 жылғы зерттеуіне (MICS) сәйкес, Қазақстандағы 1-14 жас аралығындағы балалардың 37,9%-ы соңғы бір ай ішінде ата-анасы немесе қамқоршысы тарапынан кемінде бір рет психологиялық немесе физикалық жаза көрген. Оның ішінде 34,9%-ы психологиялық қысымға, 14,1%-ы физикалық жазаға ұшыраған. 

Forensic Science International Reports зерттеуі бойынша жиі әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, балалар 17,5% көрсеткішпен екінші орында тұр.

(1-сурет Forensic Science International Reports зерттеуі)

Баланың алғашқы даму ортасы – отбасы. Дәл сол отбасында бала өзін қауіпсіз сезінген жағдайда ғана оның эмоционалдық және тұлғалық дамуы қалыпты жүреді. Ал мұндай қауіпсіздік бұзылғанда оның салдары баланың бүкіл өміріне, болашағына әсер етуі мүмкін.

«Үнемі жанжал, қорқыныш немесе күш қолдану жағдайында өмір сүрген бала ағзасы тұрақты күйзеліс жағдайында болады. Бұл оның эмоционалдық реттелуіне, есте сақтауына, зейініне және оқу қабілетіне де әсер етеді. Кейбір балалар керісінше шамадан тыс тілалғыш болып көрінгенімен, бұл көбіне өзін қорғаудың психологиялық механизмі болуы мүмкін. Бала зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда психологиялық тұрғыдан бұл «жарақаттаушы тәжірибе» деп аталады. Яғни бала ересектердің мінез-құлқын бақылап, оны кейін өмірінде үлгі ретінде қолдануы мүмкін. Егер бала жанжалдың күш көрсету арқылы шешілетінін үнемі көріп өссе, ол мұны қарым-қатынастың қалыпты моделі ретінде қабылдау қаупі бар. Кейбір балалар болашақта зорлық көрсетушінің рөлін қайталаса, енді бірі керісінше үнемі құрбан позициясына бейім болады. Әрине, бұл барлық балада міндетті түрде қайталанады деген сөз емес. Алайда мұндай орта тұлғалық даму мен ересек өмірдегі қарым-қатынас сапасына елеулі қауіп факторы болып есептеледі», – дейді психолог Ақерке Бегалықызы.

Бала өз өмірінде болып жатқан жағдайды, төнген қауіпті сөзбен жеткізе алмайды. Көп жағдайда оның мінез-құлқы өзгереді. Осы тұста психолог, баланың дамуына отбасы ғана емес, мектеп, жақын ортасы және қоғам да ықпал ететінін алға тартты. Сондықтан мұғалімдер, туыстар, көршілер немесе басқа ересектер қауіп белгілерін байқаса, оны елемей қалдырмай, тиісті әлеуметтік қызметтерге немесе құқық қорғау органдарына хабарлап, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысуы қажет.

(2-сурет: Қазақстандықтардың зорлық-зомбылыққа қатысты көзқарасы)

Осы ретте, «Senimen Bolashaq» республикалық қоғамдық бірлестігінің бағыттарының бірі – баланың қауіпсіздігі тек ата-ананың ғана емес, қоғамның жауапкершілігі екенін көрсетеді. Дәл осы мақсатта жалпы зорлық-зомбылықтың, соның ішінде балалардың да отбасында қауіпсіз ортада өсуіне ықпал ететін «Татулық» жобасы іске асты. Жоба барысында отбасылық зорлық-зомбылыққа жол берген ер адамдармен профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ уақытша қамауда отырған ер адамдармен эмоцияны басқару мен дұрыс дағдыларды қалыптастыру жайлы оқу шаралары ұйымдастырылды. Айта кететін жайт, ұйым тарапынан атқарылатын әр жоба ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты ұйымдастырылған «Татулық» жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде қолдануға болатын әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарымен ғана емес, оның себептерімен және алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Өйткені қауіпсіз отбасы – қауіпсіз баланың, ал қауіпсіз бала –  саналы қоғамның негізі.  

Елімізде қабылданған заң жүйесіне келсек, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік қатаңдатылған. Отбасының шырқын бұзғаны немесе қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік қамау қолданылса, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылып, 25 тәуліктен 50 тәулікке дейін қамауға алу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Жәбірленушілер мен куәгерлердің ең жиі жіберетін қателігі – үнсіздік. Болған жайтты жасырып, дене жарақаттарын, басқа да дәлелдерді қойып жатады. Кейін жағдай ушығып кетуі мүмкін. Ал көршілер немесе туыстар зорлық-зомбылыққа куә болған жағдайда дереу 102 немесе 111 нөмірлеріне хабарласуы қажет. Қазір заң бойынша жәбірленушінің арызын күтпей-ақ, куәгерлердің түсініктемелері мен бейнежазбалары негізінде іс қозғауға толық құқық бар», – дейді заңгер Нұрдәулет Әтірхан.

Заңдағы бала құқығына келсек, бала отбасындағы зорлық-зомбылыққа куәгер болған жағдайда да, жәбірленуші болып танылады. Сондай-ақ баланың көзінше жасалған зорлық-зомбылық агрессорды ата-ана құқығынан айыруға тікелей негіз болады. Ал еліміздегі дағдарыс орталықтары ана мен баланы заңды түрде уақытша қорғауға мүмкіндік береді.

  • Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын қалай алуға болады?

​​Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек бір адамның емес, отбасының, қоғамның және мемлекеттің ортақ жауапкершілігі. Мамандар мәселенің алдын алу үшін мынадай қадамдарға назар аударуға кеңес береді:

Психолог Ақерке Бегалықызы: 

«Алдын алу жұмыстары бірнеше деңгейде жүргізілуі тиіс: балаларға қауіпсіз қарым-қатынас моделін үйрету, ата-аналардың позитивті тәрбие дағдыларын дамыту, жастар арасында эмоционалдық интеллектіні қалыптастыру, сондай-ақ қиындық туындаған кезде психологтардың, әлеуметтік қызметтердің және басқа мамандардың көмегіне уақытылы жүгіну».

«Senimen Bolashaq» республикалық қоғамдық бірлестігі:  

«Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жәбірленушімен ғана емес, агрессияның себептерімен және зорлық көрсеткен адамның жауапкершілігін қалыптастыру арқылы да жүзеге асуы тиіс».

Заңгер Нұрдәулет Әтірхан:  

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заңда қорғау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, қорғау нұсқамасы шығарылып, агрессорға жәбірленушімен байланысуға немесе оған жақындауға тыйым салынады. Сонымен қатар сот оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеп, уақытша үйден шығу немесе алкоголь тұтынуына шектеу қою сияқты шараларды қолдана алады».

Қоғамның жауапкершілігі тек қайғылы жағдайлардан кейін көңіл айту емес. Ол – көрші үйдегі айқайға бейжай қарамау, мұғалімнің баланың бойындағы өзгерісті байқауы, ата-ананың дер кезінде көмекке жүгінуі, мамандардың қолдауы және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс.  

Назерке Байжан

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл