| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында бірнеше күнге созылған нөсерден кейін көшелер мен ашық алаңдарды су басты. Жиналған суға балалар шомылып, видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Алайда мамандар мұндай «бассейндердің» астарында көзге көрінбейтін үлкен қауіп жатқанын ескертеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан кейін кейбір көшелер мен ойпаң жерлерде су жиналды. Көп ұзамай бұл орындар балалардың уақытша «демалыс аймағына» айналып, олардың шалшық суға түсіп жүрген видеосы әлеуметтік желілерде кең тарады.
Желі қолданушылары бұл жағдайды әзілге айналдырып, «Бейнеуде +1 бассейн» деген жазбалар қалдырған. Алайда мамандар күлкіге себеп болған көріністің екінші жағына назар аударуға шақырады.
Өйткені жаңбыр суы жиналған жердің түбі қандай екені ешкімге белгісіз. Оның астында терең шұңқыр, құрылыс қалдықтары, әйнек сынықтары, темір-терсек немесе ашық жатқан кәріз құдығы болуы мүмкін. Мұндай қауіптер сырт көзге байқалмайды.
Бұдан бөлек, көшеде жиналған жаңбыр суы тұрмыстық қалдықтармен, лас сумен және түрлі химиялық заттармен араласуы ықтимал. Сондықтан мұндай суда ойнау тек жарақат алу қаупін ғана емес, түрлі жұқпалы аурулардың таралуына да себеп болуы мүмкін.
Көпшілік әлеуметтік желіде балалардың алаңсыз ойнап жүргеніне сүйсінгенімен, шын мәнінде бұл жағдай ауылдағы нөсер суын бұру жүйесінің мәселесін де көрсетіп отыр. Әдемі көрінген бейненің артында инфрақұрылымдағы шешілмеген түйткіл жатыр.
Коммуналдық қызметтердің мәліметінше, қатты жауыннан кейін мұндай су бірнеше күнге дейін сақталуы мүмкін. Әсіресе нөсер суын ағызатын жүйесі жоқ немесе ойпат аумақтарда су ұзақ уақыт кетпейді.
Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және көшеде жиналған судың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіруге шақырды.