Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, интернет алаяқтарға алданған азаматтардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда шет елден бағасы төмен тауар алдыртамын деп алаяқтардың тұсауына ілінгендер көбейген. Түркия, Қытай, тіпті АҚШ-тан зат жеткіземін дегендер алдымен қарапайым халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жарнамалайды. Қол астымда жүздеген қызметкерім бар деп сендірген алаяқ байер Айс Мұратова әлеуметтік желіден ортақ чат ашып, арзан бағада ыдыс әкелемін деп 5 мың адамнан ақша жинаған. Осылайша еліміздің әр өңіріндегі азаматтардан жалпы сомасы 30 миллиард теңге жинап алып, ізім-қайым жоғалған.
Сауда жасап, күн көрмекші болған азаматтар «Тауар да жоқ, ақшамызды да қайтармады. Арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпады» дейді. Алданғандар арасында абысындарымен жиналып, үйіне арзан, әрі әдемі ыдыс алмақшы болғандар мен саудагерлер де бар.
«Бүгінгі заманда бір ғана әйел 30 миллиард жинап, қулық танытуы мүмкін емес сияқты көрінеді. Мұндай алаяқтық схеманың артында үлкен топ бар болуы ықтимал. Барлығын әшкерелеп, заңға тарту қажет. Бұл жағдайдың өзі - ұлтқа қауіпті мәселе. Қазір қаншама отбасы ойран болып, сан соғып отыр», - дейді Мәжіліс депутаты.
Мәжілісменнің сөзінше, қаржылай сауаттылық деңгейін көтеру қажет дегенімізбен, алданған қара халық саны азайып жатқан жоқ. Қазір жұртшылықтан миллиондап ақша жинап, көлеңкелі экономиканың гүлдеуіне үлес қосып жүрген байерлерге қатысты нақты талаптар қажет. Әсіресе Қытайға визасыз барып, сауда-саттық жасау мүмкін болған кезде мұндай алаяқтық түрлері көбеюі мүмкін. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын да күшейті қажет деп ойлаймын дейді ол.