Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Төтенше жағдайдың тоқтауы, әуе және теміржол қозғалысының жандана бастауы және мұнай бағасының оң өзгерісі айдың басында ұлттық валютаның нығаюына жол ашты.
Мысалы, маусымның басында Қазақстан қор биржасындағы доллар бағамы наурыздың ортасынан бастап алғаш рет 400 теңгеден төмендеп, 3 маусым күні 1 доллар 396,77 теңге болды. Ал бүгінгі таңда 404,62 теңгені құрап отыр.
Алайда қазақстандықтар коронавирус туралы күнде құбылатын ақпаратты көргенде дүрлікпеуге үйренгендей, доллар бағамындағы тұрақсыздыққа да бой үйретті.
Жалпы ұлттық валютаның нығаю-әлсіреуі бірінші кезекте қара алтынның бағасына байланысты. Наурызда мұнай бағасының күрт төмендеуі ОПЕК+ елдерінің өндірісті қысқартуға қатысты келісімге келе алмауынан болды. Бірақ кейіннен ОПЕК+-ке мүше елдер тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін мұнай өндіруді қысқартуға келісті. Осылайша, теңге күшейе бастады.
Қазіргі сәтте мұнай бағасы барреліне шамамен 40 долларды құрайды. Ол теңгеге оң әсерін тигізіп тұр. Десе де, сарапшылардың пікірінше, теңгеден карантинге дейінгі көрсеткішті күтудің қажеті жоқ.
«Жазда 1 доллар 415 теңге мен 435 теңгенің аралығында болады деп болжап отырмыз. Мұнай бағасы барреліне 45-50 доллардан асады деп ойламаймын. Теңге едәуір нығаюы үшін мұнай қымбаттау керек. Бірақ бұған ешқандай алғышарттар жоқ. Қазіргі мұнай деңгейі қолайлы деп ойлаймын. Бұл баға тұтынушыларды да, өндірушілерді де, импорттаушыларды да қанағаттандырады», – дейді Damu Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев.
Ал қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев теңгенің нығаюына тек сыртқы факторлардың әсері жеткіліксіз деп санайды. Төтенше жағдай тоқтағанымен, экономика пандемия салдарынан қалпына келе қойған жоқ. Ал салықты төлеу 1 маусымға дейін ғана шегерілді. Сарапшының айтуынша, көптеген компаниялар төлемдерді төлей алмайды. Бұрынғы айналымына орала алмаған кәсіпорындардың 30%-ы жабылып, қысқарту толқыны басталып, жұмыссыздық артады. Арман Бейсембаев жақсы жағдайда, экономиканың қалпына келіп, теңгенің одан ары нығаюы туралы келесі жазда ғана айтуға болады дейді. Сондай-ақ оның болжауынша, орташа курс жыл бойына 400-405 теңгені құрайды.
«Қазіргі уақытта бір доллар 390 теңгеден кем болмайды. Үкіметке де теңгенің мықты бағамы тиімді емес, оның айтарлықтай нығаюына мүмкіндік бере алмайды. Өйткені бюджетті бірдеңемен толтыру керек. Шикізатты сатудан түскен барлық қаражатты доллармен аламыз. Сондықтан бізге әлсіз теңге тиімді. Тағы бір ескеретін нәрсе, Ресейдің Орталық банкі де рубльдің нығаюын тоқтату үшін нарыққа шығады. Тиісінше, рубль тұрақтанған не әлсіреген кезде, теңге де соны ұстанады» – дейді Арман Бейсембаев.
Осы тұста жоғарыда аталған валюталық операцияларға әсер ететін сыртқы факторлардан бұрын теңге Ресейдегі доллар бағасына тәуелді екенін ескеру керек.
Дегенмен сарапшылар күзде коронавирус қайта тұтанған жағдайда да девальвацияға әкеп соқтырмайтынын айтады. Қаржыгер Мұрат Қастаев ең қиыны артта қалғанына сендіреді.
«Пандемияның екінші толқыны болса, мұнай 20 доллардан төмен түсіп, доллар тағы да 440-450 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл үш-төрт айға созылып, әлемдік экономика қайта қалпына келеді. Яғни, ең қиын жағдайда теңге наурыз айында көрген деңгейге дейін әлсіреуі мүмкін. Бірақ мұнай барреліне 10 доллардан төмен түсіп, доллар 500 теңге белгісіне жету үшін апокалипсис орын алуы тиіс», – дейді ол.
Тағы көру