Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Достардың бірігіп іс бастауы оңай, бірақ арадағы достыққа сызат түсірмей, оны сәтті жүргізуі қиын. Бизнесін дөңгелетіп, кәсіпкер болатындар көп, бірақ туған еліне пайдасын тигізіп, қоғам қайраткері атанатындары сирек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз сол қиын мен сиректің қатарындағы кәсіпкер, қоғам қайраткері – Тимур Уразаков https://www.instagram.com/timur_urazakov/.
Тимур Уразаков – «Астана Қамқор» автоорталығының директоры, «АКМС-профи» драйвинг орталығын құрушы, «Қамқор» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, сондай-ақ автомобиль спортынан ҚР шебері.
Тимур Маратұлы, бизнеске қалай келдіңіз?
Мен бизнеске студент кезімнен араластым. Нағыз сауда-саттық кезеңі болған 90-жылдары студенттік шақтағы достарыммен бағасы арзан жерден тауар алып, соны сататын едік. Ал тапқан табысты тең бөліп алатынбыз. Сол жылдар айтарлықтай қиын кезең еді. Десе де, әрекет етіп, тіршілік көзін таба білсең, жақсы табыс табуға болатын.
Біреулер бизнесте достық болмайды деп жатады. Сіздер достық қарым-қатынасты қалай сақтап қалдыңыздар?
Сұрағыңыз орынды. Менің серіктестерім де бизнес саласында достық болмайды деген пікірді ұстанады. Біз сияқты бизнесті бірге бастаған достар ортақ келісімге келе алмай, бір-бірінің өмірін қиюға дейін барған жағдайларға да куә болған кездерім болды.
Ал біздің достығымызды бизнесте сақтап қалуымыздың себебін айтпас бұрын «Алдар көсе» ертегісінен үзінді келтіре кетейін.
Күндердің бір күнінде Алдар көсе жайлауда келе жатып, екі байдың дауласып тұрғанын көреді. Сөйтіп, Алдар олардан не себепті дауласып жатқандарын сұрайды.
-Біз тапқан алтынды бөлісе алмай жатырмыз. Мен бөлсем, үлкен бөлігі маған кетті деп ол күмәнданады. Ол бөлсе, мен сенімсіздік танытам. Осы мәселемізді шешіп берсең, алғысымызды аямаймыз, - дейді екі бай.
Алдар көсе біраз ойланып:
- Жарайды, онда алтынды біреуіңіз екіге бөліңіз, ал біреуіңіз қалаған бөлікті таңдап алыңыз, - дейді.
Нәтижесінде, екі бай Алдардың тапқырлығына риза болып, алтынды ол айтқандай бөліп алған екен.
Осы мысалдағыдай, бизнес барысында да түрлі келіспеушілік болып жатады. Бірақ бизнестің жақсы жүріп кетуінің басты себебі – әділдік пен сенім. Яғни сен досыңа не бизнес серіктесіңе әділ болып, сенім білдіруің керек. Сонымен қатар, бизнес бастамас бұрын барлығын алдын ала келісіп, талқылап, өзара келісімге келіп алған дұрыс. Келісімнің қағаз жүзінде болғаны нұр үстіне нұр. Екі жақ тараптың да мақсаттары айқындалып, келісімшарт жасалса, кез келген іс алға жүреді. Ал келісім бар жерде дау болмайды.
- Бүгінгі таңда компанияларыңызда қанша қызметкер жұмыс істейді және қандай басқару әдістерін қолданасыз?
Қазір 300-ден аса адам жұмыс істейді. Осыншама қызметкерлерді бір адам жалғыз өзі басқара алмайды. Мысалы, бір басқарушының қарамағында 7 адамнан құрылса, жұмыс нәтижесі сапалы болады. Тура әскердері басқару үлгісі негізге алынған. Бөлім командирі, взвод командирі дегендей. Бұл механизм жүзеге асу үшің, ауызбіршілік, ортақ идея және мақсат бір болу керек. Әрбір жетекшінің де алға қойған жоспары мен мақсаты айғақ болса, сонда ғана жұмыс қиынға соқпайды. Және ең маңыздысы – қызметкерді басқару емес, оларға өз жұмысын орындау үшін көмек беру, жұмыс барысында бөгет жасамау.
- Жас кәсіпкерлерге, бизнеске енді бет бұрған жастарға қандай кеңес бересіз?
Бизнес сәтті болу үшін үнемі ізденісте, даму үстінде жүру керек. Кәсіпкердің әр күні жаңа білімге толы болуы керек. Және ол білім міндетті түрде кәсіпті дамыту үшін пайдалы болмақ. Мен үш жоғарғы оқу орнын тәмамдадым. Бірінші дипломымды Целиноградтық Сельхоз институтында (Қазіргі Аграрлық Университет) «Инженер-электрик» мамандығы бойынша алдым. Сол жоғарғы оқу орнында оқып, кезекті дипломды «экономист» мамандығы бойынша бітірдім. Уақыт өте келе бизнесті адан әрі дамыту мақсатында заң саласында білім қажет болды. Сөйтіп, «Әділет» заң мектебін сырттай оқып алдым. Қазіргі кезде бизнес саласына қатысты түрлі дәрістерге, мастер кластарға қатысып, білімімді толықтырып келемін. Жалпы бизнес саласында жүрген адам әр күнін пайдалы өткізуге тырысады. Ал жас буын өз уақытын тиімді пайдаланып, бізден бірнеше есе көп еңбектену керек. Біздің заман жаңа технологиялардың дамыған кезеңі, соған сай болып, тиімді білім алу жүйелерін оңай қолдануға болады.
-Тимур мырза, автоспорттан спорт шебері атағына қалай ие болдыңыз?
Автоспорт – менің хоббиім. Мен пилот ретінде рөлге отырмай тұрып, жарысқа қатысатын достарыма авто бөлшектермен, қаржылық және жарысты ұйымдастыру жағынан көмектесетінмін. Ол кезде Қазақстандағы автоспортқа қызығушылық және қолдау өте бәсең еді. Сол кезде тек әуесқой спортшылар ғана болатын. Уақыт өте келе «Автоспорт Федерациясын» басқарамын деген шешім қабылдадым.
2005 жылы «АКМС профи – Астана Қамқор» мотор спорт деген команда жинап, сол команданы түрлі жарыстарға қатыстыра бастадым. Астанада өткен кәсіби жарыстардың барлығын өзіміз ұйымдастыра бастадық. Менің командам жүлделі орындарды иелене бастады. Уақыт өте келе достарым менен не себепті бұл жарыстарға өзімнің қатыспайтындығым жайлы сұрай бастады. Маған жарысты тамашалау ұнайтын. Бірақ не себепті жарысқа қатысып, тізгінді өзім алмасқа деген ой келді. Сөйтіп, Сергей Иванович деген Омскіден келген мықты тренер кездесе қалды. Бұл да бір өмірдің маған деген сыйы деп ойлаймын. Командамыздың жаттықтырушысы ретінде Сергей Иванович бас қалаға ауысып келді. Дайындық пен еңбектің нәтижесінде 2006 жылы Қазақстан Республикасының автоспортының спорт шебері атағына ие болдым.
- Сіздің ойыңызша, адам өз ісімен айналысып жатқаның қалай анықтай алады?
Өте жақсы сұрақ, бірақ оның жауабы оп-оңай. Егер адам қазір істеп жатқан жұмысынан ләззат алып, өзін дамытқысы келсе, таңертең ерте тұрып жұмысына асығып келсе, ол өз орныңда деген сөз. Керемет емес пе?!
Негізі бақытты өмір үш бағыттан тұрады – отбасы, жұмыс және хобби. Олар тығыз байланысты және бір-бірін толықтырып тұрады. Әр адамның өмірінде сүйікті іс міндетті түрде болуы керек. Осы өмірдің басты үш принципі, яғни отбасы, жұмыс және хобби адамды әрқашан шабыттандырып, алға жетелейді.
- Құпия болмаса, алдағы уақытқа қандай бизнес жоспарларыңыз бар?
Болашаққа құрған жоспар көп. Бірақ солардың бірі, әрі ең маңыздысы – жастарды қолдау. Себебі, жалынды жастар ел болашағы. Менің ойымша, біздің елде талантты, білімді жастар өте көп. Оның үстіне олар жаңа технологияны жақсы меңгерген, жаңа жобалар мен идеяға толы жандар. Өз сүйікті ісін, кәсіпке айналдырып, жаңа технологияларды дамыту саласында түрлі стартап жобалар жасап жүрген білікті мамандар. Дәл осы IT саласындағы білімді жастарды қолдау мақсатында жаңа жоба дайындап жатырмыз. Ол жоба «Инвесторлардың стартаптарды акселерациялау клубы» деп аталады. Алдағы уақытта сол жоба туралы жақсы жаңалықтарымызбен бөлісеміз.
Тимур Маратұлы, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп рақмет! Кәсібіңіз өрге жүзсін!
Сұхбаттасқан: Назерке ТОҚТАҒАЗИНА
Тағы көру