| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда емхананы таңдау мүмкіндігі кеңейді. Енді азаматтар медициналық ұйымды жыл бойы ауыстыра алады, алайда мұны жылына бір реттен жиі жасауға болмайды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымға тіркелу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Жаңа ереже 12 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Енді азамат емхананы жыл сайынғы арнайы науқанды күтпей-ақ таңдай алады. Басқа медициналық ұйымға ауысқан адам жаңа емхана қызметін тіркелгеннен кейін бірден пайдалана алады. Бұрын азаматтар емхананы таңдау үшін 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығындағы тіркеу науқанын күтуге мәжбүр болатын.
Дегенмен емхананы еркін таңдау құқығын жылына бір рет қана пайдалануға болады. Бұл шектеу адамның өз қалауымен бір медициналық ұйымнан екіншісіне ауысуына қатысты.
Ал емхана жабылып қалса немесе азамат басқа ауданға не қалаға көшсе, медициналық ұйымды жыл ішінде қайта ауыстыруға мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда бір жылдық мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.
Азамат емханаға тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша тіркеле алады. Сонымен бірге бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігі сақталады.
Балаларға қатысты тәртіп бөлек. Кәмелетке толмаған баланы тіркелген мекенжайына емес, нақты тұрып жатқан жеріне қарай емханаға тіркеуге болады.
Егер бала мен ата-анасы әртүрлі емханаларда есепте тұрса, бұған тыйым салынбайды. Дегенмен мамандар отбасы мүшелерінің бір медициналық ұйымда қызмет алғаны қолайлы екенін айтады. Бұл жағдайда педиатр мен жалпы тәжірибелік дәрігер арасындағы медициналық бақылауды ұйымдастыру да жеңілдейді.
Осылайша жаңа тәртіптің басты өзгерісі – емхана ауыстыру үшін арнайы тіркеу науқанын күтудің қажеті жоқ. Бірақ азамат өз еркімен медициналық ұйымды жылына бір реттен артық өзгерте алмайды.