| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанадағы «Мәриям Қазақстан» қайырымдылық қоры үш жылдық жұмысының қорытындысын жариялады. Осы уақыт ішінде қордың қолдауына ие болған 70 отбасының 25-і ата-ана атанып, дүниеге 26 сәби келді. Қазір тағы 11 отбасы нәресте күтіп жүр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қордың басты мақсаты – бедеулік диагнозымен бетпе-бет келген қазақстандық отбасыларға ата-ана болу жолында қолдау көрсету.
Қор төрағасы Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, ұйым құрылған күннен бері еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық өтініш келіп түскен.
- Тек 2024 жылы жаңа сайт іске қосылғаннан кейін бір жылдың ішінде 790 анкета қабылданды. Олардың арасынан медициналық көрсеткіштер мен белгіленген талаптарға сәйкес келетін 70 отбасы бағдарламаға алынды. Әр өтініштің артында үлкен үміт, ұзақ күту мен күрделі тағдыр тұр, – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Қор бағдарламасына қатысушылардың жасы әртүрлі. Ішкі статистикаға сәйкес, бүгінде ең жас қатысушы отбасы – 25 жастағы ерлі-зайыптылар. Ал ең ересек қатысушылардың жасы 45-47 аралығында.

Отбасыларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Өтініштер алдымен мамандардың сараптауынан өтеді. Соңғы шешімді Астанадағы ECOMED клиникасының медициналық директоры, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Алмас Құрманалиевич Ибрагимов бастаған дәрігерлер тобы мен қордың Қамқоршылық кеңесі бірлесіп қабылдайды.
Қамқоршылық кеңесінің құрамында тоғыз мүше бар. Отбасылардың құжаттарын репродуктологтар, андрологтар, урологтар, эмбриологтар, эндокринологтар және психологтар қарап, әр жағдайды жеке талқылайды. Осыдан кейін ғана көмек көрсету туралы түпкілікті шешім шығарылады.

2026 жылдан бастап бағдарламаға психологиялық сүйемелдеу де енгізілді. Бұл бастама ЭКО процедурасына дайындалып жүрген отбасыларға эмоционалдық қолдау көрсетуге бағытталған.
Бүгінде қор жұмысының басты нәтижесі – статистика емес, ата-ана атану бақытына қол жеткізген ондаған отбасының өміріндегі өзгеріс.
«Адамның бәр қызығы бала деген» деген Абай сөзі қор қызметінің өзегіне айналған. Үш жыл ішінде дүниеге келген 26 сәби мен жақын арада өмір есігін ашатын тағы 11 нәресте – осы миссияның нақты нәтижесі.
Анықтама:
«Мәриям Қазақстан» қайырымдылық қоры 2023 жылғы 14 ақпанда журналист, қоғам қайраткері, Астана қалалық мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызының бастамасымен құрылған. Қор бедеулік диагнозы қойылған отбасыларға ЭКО бағдарламасы арқылы көмек көрсетеді. Бағдарлама Қазақстан азаматтарына арналған және ашықтық пен есептілік қағидаттарына негізделген.