Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа елордадағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы есеп берілді, - деп хабарлайды Dauletten.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Биылғы жылдың 9 айында инвестиция көлемі 1 триллион 140 миллиард теңгені құрады, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға жоғары.
Президентке жылыту маусымының өту барысы туралы да ақпарат берілді. Өткен жылы іске қосылған “Оңтүстік-Шығыс” газ жылу стансасы (ГЖС), “Тұран” ГЖС-тің бірінші кезеңі және ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі қаланы алғаш рет артық жылумен қамтамасыз етті. Бұл нысандар Астанаға 1100 Гкал/сағ астам жылу берді.
Жыл соңына дейін “Тұран” ГЖС-тің екінші кезеңін аяқтау жоспарлануда, бұл қосымша 250 Гкал/сағ жылу өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, “Тельман” ГЖС-ін салу жұмыстары басталды және жалпы қуаты 970 Гкал/сағ болатын “Оңтүстік-Батыс” ГЖС-ін жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
Мемлекет басшысына әлеуметтік нысандардың (мектептер, қолжетімді жеңілдікті тұрғын үйлер, медициналық орталықтар), ұзаққа созылған құрылыс нысандарының аяқталуы, апатты ескі үйлердің сүрілуі туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, жаңа оқу жылында жоспарланған 24 мектептің 15-і, оның ішінде 9-ы “Комфортты мектеп” ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Жаңа жылға дейін 4,5 мың орынға арналған 6 студенттік жатақхана салынатын болады, оның 4-уі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Жеңіс Қасымбек бүгінгі күні елордада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістіктің абаттандырылып, 70-тен астам көшенің жөнделгенін де мәлімдеді. Миллионға жуық ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың инфрақұрылымын жаңғырту, одан әрі дамыту және абаттандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.