| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
19 наурыздан бастап Қазақстанда "Ерекше" толықметражды фильмі Kinopark кинотеатрлар желісінде прокатқа шығады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бүгін Астанада фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Алдын ала көрсетілімге Сенат Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев бастаған Палата депутаттары қатысты.
Картина махаббат, адалдық, рухтың беріктігі мен адам өмірін өзгерте алатын құндылықтар туралы баяндайды.
Фильм сюжеті Арман есімді жас жігіттің тағдырына негізделген. Алаңсыз өмір сүріп үйренген "мажор" жігіт мас күйінде көлік жүргізіп, мүлікке зиян келтіргені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Осылайша ол спорт кешеніне келіп, Әйгерім және оның БЦС диагнозы бар інісі Дидармен танысады.

Бастапқыда Арман Әйгерімге жеке пайдасын көздеп жақындағанымен, уақыт өте келе Дидармен арадағы достық оның өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Паралимпиадалық спорт түрі – боччамен айналысатын Дидардың өмірге деген жігері мен табандылығы Арманның да құндылықтарын түбегейлі өзгертіп, оны мүлде басқа адамға айналдырады.
Премьера барысында Мәулен Әшімбаев жаңа фильмнің жарық көруімен құттықтап, оның инклюзивті қоғам қалыптастыру ісіне серпін беретінін атап өтті.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Осы бастаманы іске асыру аясында мемлекет деңгейінде тиісті жұмыс қолға алынып, кедергілерді жою және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңғыртулар, соның ішінде конституциялық реформа да әділеттілік, тең мүмкіндіктер, ашық әрі инклюзивті қоғам қағидаттарын нығайтуды көздейді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Kinopark кинотеатрлар желісінің басшысы Алмаз Малдыбаевқа, фильм режиссері Ернар Нұрғалиевке, сценарий авторы Сержан Серікбайға, продюсерлерге, актерлік құрам мен түсірілім тобына әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырғаны үшін алғыс білдірді.
Фильмде басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Сценарий авторы – Сержан Серікбай, режиссері – көрерменге "Алға", "Келінжан", "Жаным, ты не поверишь" және "Менің папам – тигр" фильмдері арқылы таныс Ернар Нұрғалиев.
Фильм түсіріліміне кәсіби актерлермен бірге Қазақстан мен Қырғызстанның бочча спортшылары да қатысқан. Бұл жарыс атмосферасын барынша шынайы жеткізуге мүмкіндік берген.

Картина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен түсірілген. Бочча – 1984 жылдан бері Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрі. Ол ауыр мүгедектігі бар адамдарға арналған және әлемдік спорттағы тең мүмкіндік пен инклюзивтіліктің символдарының бірі саналады.
Қазақстан бочча федерациясы 2021 жылы құрылған. Қазіргі таңда ұйымның аймақтық филиалдары еліміздің 13 өңірінде жұмыс істейді. Спорт секцияларында 250-ден астам спортшы жаттығады. Ал ұлттық құраманың 47 мүшесі Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр.

Айта кетейік, Kinopark кинотеатрлар желісіндегі фильм прокатынан түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады.
