Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы 17 ауылдың тұрғындары жаңа жұмыс кестесімен еңбек етуде, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап Катонқарағай ауданында бес күндік жұмыс аптасы енгізілді. Енді жұмыс уақыты 08:00-ден 17:30-ға дейін, түскі үзіліс 12:00-13:30 аралығында.
Аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Жақсылықованың айтуынша, өткен жылдың соңында ауданда уақыт белдеуіне қатысты мәселені талқылау үшін арнайы жұмыс тобы келген. Халықпен кездесулер барысында пилоттық жобаны іске қосу және жұмыс күнін таңғы 08:00-ден бастау туралы шешім қабылданған.
- Бізде Катонқарағайда таңертең ерте жарық түседі, өйткені еліміздің ең шығыс нүктесінде орналасқанбыз. Таңғы беске қарай күн шығып қояды. Оның үстіне, ауылды жерлерде адамдар әдетте ерте тұрады. Сондықтан көпшілік бұл бастаманы бірден қолдады. Аудан әкімінің өкіміне сәйкес, 5 қаңтардан бастап жұмыс уақыты таңғы сегізден басталады, – деді Гүлнар Жақсылықова.
Әкімдіктің хабарлауынша, ауданның барлық 40 мекемесі жаңа жұмыс кестесіне көшті. Дегенмен көпшілігі үшін бұл жаңалық болмады, себебі мектептер, балабақшалар мен ауруханалар бұрыннан бері 08:00-де жұмысын бастайтын.
- Бұл өте ыңғайлы. Бұрын балаларды 08:00-ге дейін балабақшаға апарып, бірақ жұмысты тек 09:00-де бастайтынбыз. Ал қазір баланы балабақшаға апара сала, бірден жұмысқа кірісеміз. Кешке де ертерек босап, үй шаруасына уақыт қалады. Бізге бұл ұнайды, бұрынғы кестеге қайтқымыз келмейді, – дейді Гүлнар Жақсылықова.
Жергілікті кәсіпкерлер де жұмыс кестесін өзгертуді қолдады.
- Біздің аудан – туристік аймақ. Көптеген адам дүкенге ерте келеді, ал біз сол кезде ашық боламыз. Бұл – барлығына ыңғайлы, – дейді кәсіпкер Мәдина Жексембаева.
Ресми мәліметтерге сәйкес, пилоттық жоба Катонқарағай ауданының Қабырға, Белқарағай, Өрнек, Топқайың, Барлық, Коробиха, Ақсу, Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл, Қайыңды, Қызыл Жұлдыз, Аққайнар, Еңбек, Шыңғыстай және Жаңаүлгі ауылдарында енгізілген.