Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда заңсыз микрокредит беру бойынша кең ауқымды схема әшкереленді. Ол еліміздің әр өңірінде 200-ге жуық филиалы бар, комиссиялық дүкендер ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы жүзеге асырылған, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
"Актив Ломбард" желісінің иесі С.С. Койнов сенімді адамдарына "Актив Маркет" брендімен тіркелген бірнеше компанияны рәсімдеген. Олар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде лицензиясыз ломбард қызметімен, яғни мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан. Комиссиялық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта орналасып, бір қызметкерді пайдаланған.
Заңнамаға сәйкес қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі тәулігіне 0,3%-дан аспауға тиіс. Алайда Койновтың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық. Осылайша жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен.
Екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілге қарыз беру арқылы 3,5 млрд теңгеден аса қаражат заңсыз өндірілген. Түскен кірісті одан әрі заңдастыру үшін Койнов байланысы бар компаниялармен жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы - 1,9 млрд теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозит шотына дивиденд түрінде аударылған, - деп жазылған хабарламада.
Еліміздің барлық өңірінде 200-ден аса тінту жүргізіліп, заттай дәлелдер алынды. Соталды тергеу жалғасып жатыр.
- Қарыз алушылардың назарына! Қаржы реттеушісінің лицензиясы бар "Актив Ломбард" желісінің қызметі соталды тергеу нысанына жатпайды. Агенттік оның бірде-бір филиалын жапқан жоқ, "Актив Маркетке" кепілге қойылған мүлік те тәркіленген жоқ. Ол "Актив Ломбардтың" иелігінде, - деп жазылған хабарламада.