| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ақтөбе қаласында 5 мың орындық аренасы мен олимпиадалық стандартқа сай бассейні бар әмбебап спорт кешені салынып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға және нысанды жабдықтауға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді, – деп хабарлайды Dauletten.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа спорт кешенінің жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады. Құрылыс барысында отандық материалдар пайдаланылуда. Нысан халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге, сондай-ақ тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына арналған.
Кешенде 5 мың көрерменге арналған негізгі арена, олимпиадалық стандартқа сәйкес келетін 50 метрлік жүзу бассейні, спорттық және көркем гимнастика залдары қарастырылған. Сонымен қатар баскетбол, волейбол, футзал, йога және пилатеспен айналысуға арналған арнайы орындар жабдықталады.
Жаттығу залдары заманауи кәсіби спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Оларды сатып алуға да Инфрақұрылымды дамыту қорынан қаржы қарастырылған. Ал спортшыларды даярлау үшін отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту жоспарланып отыр.
Жобада ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға да мән берілген. Олар үшін көрермендер трибуналарына, бассейнге, жаттығу залдарына, киім ауыстыратын бөлмелерге және кешеннің өзге де негізгі аймақтарына кедергісіз кіру мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың халықтың спорт инфрақұрылымына деген қажеттілігін қамтамасыз ету деңгейі 73,2 пайызды құрайды. Соңғы үш жылда өңірде 31 жаңа спорт кешені пайдалануға берілгенімен, қолданыстағы нысандарға түсетін жүктеме әлі де жоғары.
Жаңа спорт кешенін 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланған. Нысан іске қосылғаннан кейін өңірдегі гимнастика залдары мен олимпиадалық бассейнге деген қажеттілікті өтеуге, спорт нысандарының өткізу қабілетін арттыруға және балалар мен жастарды спортқа кеңінен тартуға мүмкіндік туады.
Үкімет мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 188 спорт нысанының құрылысы жүргізілген. Оның 69-ы аяқталып, 51 нысан ауылдық жерлерде ашылған. Жыл соңына дейін тағы 52 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.