Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау қашан да өзекті. Қазақстандағы түйткілді мәселе де осы экология. Елімізде халқы жиі шағымданатын өңірлердің бірі – Ақтөбе.
Ақтөбе облысындағы экологиялық проблемалар талай жылдан бері шешімін таппай келе жатыр. Облыстың индустриалды дамуы қоршаған ортаға әсер етпей қоймаған. Жергілікті билік бұл мәселелерге соңғы жылдары баса назар аудара бастады. Бұл бағыттағы ең маңызды қадамдардың бірі – 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасының бекітілуі. Бұл Жол картасында 44 іс-шара жоспарланған, оның ішінде 17 іс-шара жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылмақ.
Жағдайы нашарлап бара жатқан аймақтағы су объектілерінің бірі – Шалқар ауданындағы Шалқар көлі. Бүгінде Шалқар көлінің түбін тазартудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды, осы жылы жұмыс жобасы әзірленуде.
Елек өзенінің бормен ластануы жыл сайын Республикалық деңгейде шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Өзеннің ластануы 1957 жылы Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуымен тікелей байланысты. Оны ластаушы заттар хром, бор, фтор, фенол және мұнай өнімдері.
Айта кетерлік тағы бір жайт, аймақта 1934 жылдан бері химиялық зауыт жұмыс істеп келген. 1996 жылы кәсіпорын өзін банкрот деп жариялап, жұмысын тоқтатқан. Әйтсе де мәселе мұнымен шешілген жоқ. Соғыс уақытына дейін салынған бұл зауытта өндіріс қалдықтары ешқашан өңделмеген. Нәтижесінде инженерлік-техникалық, экологиялық және санитарлық-гигиеналық процестері жетілмеген жарты ғасырға жуық қызметтен кейін зауыттың өндірістік алаңының, Елек өзені бассейні аумағының табиғи ортасының химиялық экотоксиканттармен техногендік ластану мәселесіне тап болдық.
Қазір Елек өзеніндегі бірқатар ауыр металл құрамы гигиеналық нормативтен асып түседі. Бұл туралы Сенат депутаты Амангелді Нұғманов айтты. Аталған өзен жер үсті суының ластану деңгейі бойынша қатты ластанған санатқа жатады. Депутаттың айтуынша, онда кездесетін элементтер адамға жалпы уытты және ерекше әсер ететін 1 және 3-кластағы қауіпті химиялық заттар санатында.
Қала ішінде экологиялық мәселелерді реттеу мақсатында 2017 жылдан бері қоқыс сұрыптау кешені жұмыс істейді. Қалдықтарды олардың пайда болған жерінде сұрыптау бойынша нақты жұмыстар да жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, қаланың контейнерлік алаңдарында пластик ыдыстарды бөлек жинауға арналған 140 торлы контейнерлер қойылған. Одан бөлек, әйнек және макулатура жинауға арнайы контейнерлер де бар.
Елдегі экологиялық мәселелер тек жергілікті биліктің күшімен ғана шешілмейтіні анық. Бұл тұрғындардың, экологиялық ұйымдар мен барлық қоғамдық күштердің белсенді қатысуын талап ететін мәселе. Ақтөбе облысындағы экологиялық проблемаларды шешуде жаңа стратегиялар мен технологияларды қолдану, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескеру маңызды.
Нұрбике Қартбаева