Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар студенттерге төмендетілген пайызбен білім алу үшін несие рәсімдеуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген білім беру несиелеу бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Бастаманың негізгі шарты – жылдық мөлшерлеме 5 пайыздан аспауы, ал ең жоғары несие сомасы 10 миллион теңгені құрауы тиіс, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Өзінің депутаттық сауалында Ислам Сұңқар Үкіметке бакалавриат деңгейіндегі мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемінің жеткіліксіздігіне назар аударуды сұрады. Оның айтуынша, білім беру гранттарының саны мектеп түлектерінің бар болғаны 40 пайызын ғана қамтиды.
- 2022 жылы 61 мың грант бөлінді, алайда Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мектеп бітірушілер саны 161 мыңнан асты. 2023 жылы 168 мың түлекке 73 мың грант қарастырылды. Биыл рекордтық көрсеткіш – 219 мың түлек күтілуде, алайда оларға бар болғаны 79 мың грант бөлінген, бұл жалпы түлектердің 36 пайызын ғана құрайды. Сонымен қатар, талапкерлер қатарында колледж түлектері де болатыны анық. Бұдан бөлек, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері негізінде білім беру гранттарын бөлу жүйесі әділетсіз болып көрінеді. Өткен жылы 11-сыныпты 172 мың оқушы аяқтап, олардың 104 мыңы грант конкурсына қатысты. Алайда нәтижесінде 30 мыңнан астам түлек грантсыз қалды, олардың 10 мыңы 100 және одан жоғары балл жинаған. Қазіргі таңда ҰБТ мен грант алу түлектердің тағдырын шешетін негізгі факторлардың бірі екені жасырын емес, – деді депутат.
Осыған байланысты Ислам Сұңқар білім беру гранттарының аясын кеңейтіп, барлық мамандық бойынша сараланған грант жүйесін енгізуді ұсынды. Жаңа жүйе ҰБТ-да жинаған балл санына байланысты оқу ақысының 30, 50 және 70 пайызын өтеуді қарастырады.
- Сонымен қатар, білім беру несиелерінің шарттарын қайта қарау қажет деп санаймыз. Қазақстанда олардың лимиті небәрі 5 миллион теңгені құрайды, бұл қазіргі жағдайда өзектілігін жоғалтты, себебі елімізде бір жылдық оқу ақысы 2 миллион теңгеден басталатын ЖОО-лар бар. Бұл несиелердің тағы бір мәселесі – жылдық 20 пайызға дейін жететін жоғары мөлшерлеме, бұл азаматтар үшін тиімсіз. Осыған байланысты, Үкіметке екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын және несие лимиті 10 миллион теңгеге дейін жететін жеңілдетілген білім беру несиелеу бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты.