Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақ қоғамында қыздың тағдыры ерекше. Өткен ғасырларда аруларға қарағанда ер адамдардың оқуы, ғылым мен білімге бет бұруы үйреншікті жағдай еді. Десек те, қазақы менталитетке бой бермей, ғылым жолын таңдаған бұрымдылар да баршылық
Гүлбаһрам Имамбекқызы Тарабаева - сондай қазақ қыздарының бірі, тұңғыш қазақ акушері, гинеколог-профпотологы, әйелдер арасынан шыққан тұңғыш медицина ғылымының докторы.
Ол 1908 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1931 жылы 23 жасында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін үздік бітіріп, 1931-1933 жылдары осы жоғары оқу орнының аспиранты болған.
Теориялық білімін практикалық іспен ұштастыру барысында 10 жылдай Лениногорск қаласында, Шымкент қорғасын зауытында, Қарағанды көмір бассейнінде, кәсіптік сақтандыру жөнінде медициналық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасады.
Ғалым республикадағы босандыру үйлерінде толғақты жеңілдету әдісін, қорғасыннан уланғанда қан құю әдісін алғашқы қолданушы. Оның 60-тан астам жаңалық ашқан еңбектері жарияланды. Оның ішінде “Применение препаратов из цитварной полыни для лечение туберкулеза легких” (Дерменеден жасалған дәрілерді өкпе туберкулезін емдеуге қолдану) деген еңбегі жаңалық ретінде бағаланып, оған авторлық куәлік берілді.
Енді бір есте қаларлық жайт, Гүлбаһрам Имамбекқызының докторлық диссертация негізінде жарық көрген еңбегі Азия мен Еуропаның 35 мемлекетіндегі денсаулық сақтаушы 445 мекемесіне тараған. Ол 1958 жылы кеңес дәрігерінің делегация құрамында Бельгияда болды. Өмірінің соңғы жылдарында қазақ ұлттық академиясының тау-кен ісі ғылыми-зерттеу институтында кеңесші болып істеді.
Белгілі ғалым 53 жасында дүниеден озды. Артында әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған "Қорғасынның организмге әсері және профилактикалық шаралары” (1961), “Дермене - Халық медицинасының қажеттілігі” (1961) деген кітаптары қалды.
Фото: Liter.kz