Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
"Taza like", "Ayala" және 2025 жылы экологиялық мәдениетті ілгерілетуге бағытталған жобалар туралы Dauletten.kz сайты оқырман назарына ұсынады.
2025 жылы елімізде қоршаған ортаның жағдайын жақсарту және қоғамды экологиялық бастамаларға белсенді қатыстыру мақсатында жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Бұл туралы Үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Бірінші бағыт – ауқымды іс-шаралар арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру. "Taza like" жобасы экологиялық мәселелердің шешімін табу және тәжірибе алмасуға арналған алаң ретінде қызмет етеді. Бұл жоба қоғамдық ұйымдарды, ғалымдарды және экологияға бей-жай қарамайтын азаматтарды біріктіреді. Наурыз мерекесінен кейін басталатын іс-шара еліміздің барлық өңірлерін қамтып, 25 сәуірде Астанадағы ірі Экофестивальмен аяқталады. Сонымен қатар, экология мәселелерін көтеру үшін оқушылар мен жастар арасында шығармашылық идеяларды жинақтауға арналған "Ayala" арт-фестивалі өткізіледі.
Екінші бағыт – экологиялық білім беру. Дәстүрлі ақпараттық-ағарту жұмыстарына қоса, заманауи технологиялар белсенді қолданылады. Мысалы, E-gov және банктік қосымшалар арқылы экологиялық іс-шаралар туралы халықты хабардар ететін жаңа «Эко іс-шара» қосымшасы енгізіледі. Қоқысты бөлек жинау жұмыстары жалғасып, жастар ресурстық орталықтары базасында «Эко хабтар» жобасы кеңейтіледі. Сондай-ақ «Жасыл мектеп» жобасы арқылы 500 мың оқушы мен 3 млн-нан астам ата-ана экологиялық білімге тартылады.
Экология тақырыбы кинематография саласында да көрініс табады. Орманшылар жайлы «38» киножобасы және қоқыс өңдеу зауытының ашылуы мен экологиялық шаралар туралы «Ақжауын» сериалы іске қосылады. Сонымен қатар, Қазақстанның табиғатын қорғауды насихаттайтын «Саяхат Time» ұлттық тележобасы мен балаларға арналған экологиялық тәрбиені дамытуға бағытталған 3 анимациялық жоба дайындалады.
Үшінші бағыт – экологияға халықаралық деңгейде жауапкершілікпен қарау. Қазақстан, Әзербайжан және өзге елдердің қатысуымен Каспий теңізінің жағалауында плогинг қозғалысы (жүгіру арқылы қоқыс жинау) ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қоғамдық экологиялық бақылау акциялары мен эко-патрульдер құру жалғасады, оған қоғамдық кеңестер, азаматтық қоғам, бизнес, оқу орындары, БАҚ және еріктілер белсенді қатысады.