Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2023 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында «Dauletten» қайырымдылық қорының бастамасымен және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Қазақстан студенттер Альянсының» бірлесе ұйымдастыруымен «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Оқуға құштар жас» республикалық кітап байқауы өтті. Бүгін елордада кітапқұмар қатысушылар соңғы тестілеу сынағынан өтіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жобаның мақсаты - халық арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білімді, талантты жастарды анықтау.
Байқа міндеті - қазақ әдебиеті шығармаларын талдау, жастардың жаңа орта табуына жағдай жасау, республика аумағында әр түрлі кітап байқауын өткізу, кітапхана оқырмандары, студенттердің интеллектуалдық пайым - парасатын арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.
Жобаға өтінім электронды түрді dauletten.kz ақпарттық-танымдық порталында қабылданды. Республика бойынша байқауға 18-35 жас аралығындағы жастардан 2572 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1711-і жұмысшы жастар болса, 861-і студент.
Оқуға берілген шығармалар тізімінде С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы», Рахымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары», Д. Исабековтің «Қарғын», Аягүл Мантайдың «Жүрекке оралу» атты туындылары бар.
Бекітілген 5 шығарманы оқуға 3 ай уақыт берілді және әр шығарма белгіленген мерзімде оқылды. Әр кітапты оқу уақыты аяқталғаннан кейін ZOOM платформасы арқылы талқылау мен әлеуметтік желіде #daulettenqorykitap2023, #akademiyalikkitapkhana хэштегітрімен алған әсерлері мен түйген ойлары жайлы пост жариялады.
«Байқау қорытындысында оқылған шығармалар бойынша қатысушылар dauletten.kz сайтында онлайн платформада тест тапсырды. Одан оқ бойы озық шыққан 20 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды. Іріктеу барысында қатысушылардың әлеуметтік желіде белсенділік танытып, оқыған туындыларынан алған әсерлерімен бөлісуді сұрадық. Бұл да бір байқау шарты болды. Ондағы мақсат – басқа да жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. «Оқуға құштар жасқа» қатысып, уақыттарын пайдалы өткізген әр қатысушыға алғысымды білдірмін!»,- дейді «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық.
Қатысушылар қатарында студенттер, әртүрлі сала дәрігерлері, жас аналар, мұнай саласының маманы мен ұстаздар қауымы болды.
Астана қаласында өткен соңғы тестілеу сынағының нәтижесі төмендегідей қорытындыланды:
Бас жүлде – Дубайға жолдама жеңімпазы – Мадина Сахипова, БҚО;
1 орын – 200 000 теңге жеңімпазы – Зухра Қажимова, Жетісу облысы;
2 орын – 150 000 теңге иегері – Динара Оразалықызы, Шымкент қаласы;
3 орын – 100 000 теңге иегері – Ханша Анелова, Астана қаласы;
Одан бөлек, 10 финалистке – 50 000теңгеден табысталды.
Жаз бойы кітап оқып, күзде Дубайға жолдама алған жеңімпаз Орал қаласының тумасы 18 жастағы Мадина Сахипова болды. Бұл жас кітапқұмар арудың алғашқы ұтысы емес екен.
«Кітапқа деген қызығушылығым 7сыныптан бастап ұстазымның арқасында оянды. Ең алғаш оқыған кітабым – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» туындысы болды. Осы уақыттан бастап кітап оқуды әдетке айналдырдым.
Бұл менің алғашқы ұтысым емес. Осыдан екі жыл бұрын «Тұлға боламын» атты байқауда жеңіске жетіп, Түркияның Стамбул қаласына жолдама алған болатынмын. Сондай-ақ, аталмыш сайыстың ұйымдастырушылары «Dauletten» қайырымдылық қорының «Білімнің жұлдызы» шәкіртақысын ұтып алдым. Кейіннен «Оқуға құштар жас» байқауы жайлы естіп, қатысып көруге бел будым. Жаз бойы оқыдым, еңбектендім. Бүгінгі жеңісім соның нәтижесі»,-дейді байқау жеңімпазы.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар Қазақстанның әр түкпірінен келген 20финалиске арнайы бағдарлама құрды. ОндаАстана қаласының көрікті жерлерін аралаудан бөлек, ҚР Ұлттық академиясы кітапханасына экскурсия, Ә.Мәмбетоватындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Жас Абай» қойылымы менкинотеатрдан «Міржақып. Оян қазақ!» фильмін тамашалауға мүмкіндік алды.
Қорытынды сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, «Dauletten» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Дәулет Мұқаев басқа да ұйымдастырушылармен біріге отырып, «Оқуға құштар жас» кітап оқу сайысын жыл сайынғы дәстүрге айналдырып, ауқымын кеңейтуді көздейтінін айтты.