Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қарағанды қаласының тұрғыны, жергілікті кәсіпкер Алика Мұхамадиева әлеуметтік желілерде қоғамда үлкен резонанс тудырған және Қазақстан азаматтарының ар-намысына тиетін пікірлер жазғаны үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мұхамадиева әлеуметтік желіде "Қазақстан несімен танымал?" деген сұраққа жауап бере отырып, ел азаматтарына қатысты қорлайтын сөздер айтқан. Сонымен қатар, ол мемлекеттік тілге қатысты келемеж сөздер жазып, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін азаматтарды мазақ еткен. Жазбаларында мемлекеттік тілді "полукалбитский диалог" деп атағаны қоғамның кең наразылығын тудырды.
Оған қоса, әлеуметтік желі қолданушылары Мұхамадиеваның бұған дейін де этникалық және діни белгілер бойынша кемсітетін сипаттағы пікірлер қалдырғанын атап өтті. Атап айтқанда, ол мұсылман жамағатына қатысты әдептен тыс пікір білдіріп, діни сезімдерге нұқсан келтіретін сөздер жазған.
Сондай-ақ Мұхамадиева 2GIS платформасында өзінің компаниясы атынан Қазақстанда тіл мәселесіне қатысты теріс пікір қалдырған. Ол қазақ тілін қолдаушыларды сынап, елде тілге қатысты қалыптасқан қоғамдық көзқарасты "қауіпті үрдіс" деп бағалаған. Оның бұл жазбалары әлеуметтік желіде кеңінен таралып, пайдаланушылар тарапынан өткір сынға ұшырады.
Аталған фактіге қатысты қоғам белсенділері мен азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру") бойынша құқық қорғау органдарына бірнеше арыз жолдаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары басталды.
– ҚР азаматы А. Мұхамадиеваның сөздерінде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар деп танылып, Бас прокуратураға арыз жолданды. Арыз бірнеше тараптан келіп түскендіктен, іс қоғам назарында болады, – деді азаматтық белсенділердің бірі.
Кәсіпкер кейіннен әлеуметтік желіде кешірім сұрап, жазған сөздері үшін өкінетінін және ешқашан елді немесе мемлекетті кемсіту ниеті болмағанын жеткізді. Алайда бұл кешірім тергеу барысына әсер еткен жоқ — құқық қорғау органдары істі заң аясында қарастырып жатыр.
Айта кетейік, бұл алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де тіл және ұлт мәселесіне қатысты арандатушы пікір білдірген жекелеген тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Мысалы, Алматыдағы қоғамдық тамақтану орны мемлекеттік тілде мәзір сұраған тұтынушыны қорлап, кейін қоғам наразылығына тап болған еді.
Құқық қорғау органдары интернеттегі араздық туғызатын және қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекет заңмен қатаң қудаланатынын еске салады.