Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қызылорда облысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Олар өкпені жасанды желдету стационарлық аппаратын 17,4 млн теңгеге сатып алған. Аппараттар құны «СК-Фармация» ұсынған бағадан 3 есе жоғары.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған факт бойынша тергеу амалдарын бастап кетті. Олар Президенттің дәрі-дәрмекті алыпсатарлық фактілерінің жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындауға барынша күш салған.
«Еліміздің барлық өңірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері, арнайы мониторинг тобы, сондай-ақ азаматтық белсенділерден құрылған жұмыс топтары 2 500-ден астам дәріханаға, 200 медициналық бұйым қоймасына, 250 аурухана мен емханаға мониторинг жүргізді. Жұмыс нәтижесінде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы онлайн баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елордалық дәріханаларда амлодимед және цеф-3 препаратының бағасы қымбат бағада сатылған. Ал Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды азық-түлік базарларында және дүкендерінде қайта сату фактілері анықталған. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырған дәріханалар анықталған.
Ал Қостанай облысында облыстық аурухананың лауазымды тұлғасына қатысты өкпені жасанды желдету аппаратын 35%-ға жоғары бағамен жеткізуге шарт жасасу фактісі тіркелген. Нақты бағасы 520 мың теңге болған жағдайда сатып алу 702 мың теңгеге жоспарланған.
А.ЖОЛДАС