| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жапонияның Айчи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 1 қазандағы жағдай бойынша 58 жүлдеге қол жеткізді. Ел спортшыларының еншісінде 9 алтын, 16 күміс және 33 қола медаль бар, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Азиада бәсекесін сәтті бастаған ұлттық құрама алғашқы күннің өзінде-ақ 4 алтынды қанжығасына байлаған еді. Одан кейінгі жарыс күндерінде де отандық спортшылар жеңісті жолды сәтті жалғастырды.
Атап айтқанда, велошабандоз Алексей Луценко бұл додада екі алтын еншілеп, Азия ойындарындағы мансабында алтыншы рет чемпион атанды. Сонымен қатар каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева, аралас жекпе-жек шеберлері Еркінғали Бүркіталы мен Қадырбек Шынбаев, академиялық ескек есуден Владислав Яковлев мен Иван Чернухин жұбы, сондай-ақ семсерлесуден ерлер құрамасы ел қоржынына алтын жүлде сыйлады.
Соңғы жарыс күндері де нәтижелі болды. Дзюдодан Олимпиада жүлдегерлері Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова күміс жүлде иеленсе, 1 қазан таңертең теннисші Юлия Путинцева мен ескекші Екатерина Таранцева қоржынға кезекті екі қола медальді қосты.
Қазіргі таңда Қазақстан медальдар саны бойынша жалпы есепте 9-орында келеді. Алғашқы үштікті Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея құрамалары бастап тұр. Жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін созылады.