Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Елімізде 30 жылда болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін
Жаңалықтар

Елімізде 30 жылда болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін

11.11.2024
1 мин
1
797
Сурет: gov.kz

Елімізде 30 жылда болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін, - деп хабарлайды Dauletten.kz.

Қазақстанда 6 926 дәрінің тек 736-сы ғана ЕАЭО талаптарына сай. Қалғандарына келесі жылдың соңына дейін тыйым салынуы мүмкін.

Еліміздің ірі қалалары мен ауылдарында дәріханаларда іздеген дәрілердің көбісі тапшы. Ұсынылған тізімнен тек бірнеше дәрі ғана табылып жатыр.

Сарапшылар мен дәріхана желілері дабыл қағуда. Келесі жылы Қазақстанда 90-шы жылдардан бергі ең ауыр дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін. Бұл жағдайға Еуразиялық одақтың талаптары себепші. Нәтижесінде, елде әрбір 10 дәрінің біреуі ғана қолжетімді болмақ.

Үкімет бұл мәселені жоққа шығарып, жағдайдың мәнісін жасырып отыр. Алайда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сенатқа жіберген хатында бұл проблема бар екенін мойындады.

Мәселе мынада: Еуразиялық одақ құрылғанға дейін Қазақстан өзінде тіркелген дәрілерді шетелден еркін әкеліп, қолдана алатын. Одақтың құрылуымен Мәскеу бұл саланы да қатаң бақылауға алды.

2014 жылғы 23 желтоқсанда қабылданған "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің" 20-бабына сәйкес, Қазақстанда тіркелген барлық дәрі-дәрмектер ЕАЭО талаптарына сай болуы тиіс. Егер олар осы талаптарға сәйкес келмесе, ұлттық заңнама бойынша берілген тіркеу куәліктері күшін жояды.

Астана бұл талаптың күшіне ену мерзімін бірнеше рет кейінге қалдырды. Бұрынғы үкімет оны 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты, бірақ бұл мерзім жақындап келеді. Еуразиялық одақ бұл мерзімді қайта кейінге шегеруден бас тартты.

Фармацевтика саласы мамандарының айтуынша, егер Қазақстан осы уақыт ішінде дәрі-дәрмектердің тіркеу куәліктерін ЕАЭО стандарттарына толық сәйкестендірмесе, елде дәрі-дәрмек тапшылығы орын алуы әбден мүмкін. Сенат депутаттары бұл мәселені жоғары жаққа жеткізуге тырысқанымен, үкіметтің де жағдайды қиындата түскені анық.

Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қазақстанда 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО құқығына сәйкес келтіруді талап ететін 6 926 дәрілік заттар тіркелген. Алайда 2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша соның ішінде ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруге небары 736 дәрілік зат немесе 16,4%-ы ұсыныла алды. Қазақстанда одақтың "Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау қағидалары" бойынша тіркелген дәрілік препараттар өте аз. Осыны ескере отырып, 2023 жылғы қарашадан бері Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алаңында қазақстандық тараптың бастамасы бойынша келісімде көзделген өтпелі кезең мерзімдерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді вице-премьер С.Жұманғарин.

Оның сөзінше, 2023 жылғы 24 қарашада Қазақстанның ұсынысымен ЕЭК Кеңесінде өтпелі кезең мерзімдерін алып тастауға қатысты келісімнің 20-бабына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланған. Алайда, Еуразиялық одақ Қазақстанның бұл ұсынысын қабылдамай, оны белгіленген мерзімдерді орындауға кеңес берді.

Алайда қазақстандық тараптың келісімді түзету жөніндегі ұсынысын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер қолдамады. Тараптар қабылданған халықаралық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындау қажеттілігін білдірді, – деді ол.

Қорқыныштысы, соңғы жылдары Қазақстанда дәрілік препараттар саны айтарлықтай азайып кеткені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, елімізде бұрын тіркелген 6 926 дәрінің тек 4 476-сы ғана нарықта қалды. Ал соңғы үш жылда Қазақстанға жыл сайын 2 450 жаңа дәрілік зат әкелінбейді. Нәтижесінде, нарықта қалған 4 476 дәрінің 1 019-ы — отандық, ал 3 457-і — шетелдік өнімдер.

Еуразиялық одақтың талаптарына байланысты қазақстандықтар тек шетелдік емес, тіпті отандық дәрілердің де басым бөлігінен айырылуы мүмкін. "Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы" (ДЗСҰО) ұсынған деректер бойынша, отандық өндірушілер 879 дәріні одақ талаптарына сәйкестендіруі керек. Бірақ соның тек 14%-ы ғана, яғни 121 дәрі бойынша өтініш берілген. Бұл жағдай 2014 жылдан бері өзгермеген.

Мерзімнің аяқталуына аз уақыт қалды, сондықтан билік отандық өндірушілерді асықтырып, олардың өндірістерін ЕАЭО талаптарына сай ету үшін 2024 жылдың соңына дейін 340 дәріні өтінішке енгізуді талап етуде. Егер бұл өтініштер мақұлданбаса, отандық өндірушілердің үлгілері нарықтан түсе бастайды.

2025 жылы тағы 418 дәрі бойынша өтініш берілуі керек, бірақ бұл мерзімдер орындалмаса, Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығының салдары ауыр болмақ. Ал шетелдік өндірушілер үшін Қазақстан нарығы тар болғандықтан, олар өндірістерін ЕАЭО талаптарына сәйкес келтіруге құлықсыз. Сонымен қатар, санкциялар әсерінен Ресей мен Беларусь нарығынан шығуға мәжбүр болған шетелдік компаниялар Қазақстанға да жеткізілім жасамауы мүмкін.

Одақ белгілеген өтпелі кезеңнің мерзімі аяқталғанға дейін біз отандық тауар өндірушілердің дәрілік заттарын 100% ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруіміз керек. Шетелдік дәрілік заттарды өндірушілердің Қазақстанға жеткізетін 3 457 дәрілік заттарының ішінде бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 615 дәрілік заттары бойынша ғана өтініш берілді. 2024 жылдың соңына дейін 753 дәрілік заттарға (40%-ына), 2025 жылы – 604 дәрілік заттарға (17%-ына) өтініш беру жоспарлануда, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бірақ бұл тек жоспар ғана, ал іс жүзінде отандық өндірушілер өтініш беріп, одақ талаптарын орындай ма, оны уақыт көрсетеді. Бұдан бөлек, тағы 1 485 дәрі, яғни шетелден келетін және отандық өндірістегі дәрілердің 43%-ы бойынша әлі толыққанды келісім жасалмаған. Егер шетелдік фармацевтикалық компаниялармен келісімге келе алмаса, қазақстандықтар қажетті дәрілерінің жартысына жуығынан айырылуы мүмкін.

Бұл мәселе менің тұрақты бақылауымда. Мәселелердің шешімін талқылау мақсатында ағымдағы жылғы 18 мамырда, 10 маусымда, 29 шілдеде және 6 қыркүйекте Үкімет жанындағы Экономикалық интеграция мәселелері үйлестіру кеңесінің бірқатар отырыстары өткізілді. Бұл отырыстар қорытындысында Денсаулық сақтау министрлігіне және мүдделі меморгандарға Еуразиялық одақ қағидаларына ұлттық заңнама бойынша тіркелген тіркеу куәліктерін жеделдетіп сәйкестікке келтіруге бағытталған шараларды қамтамасыз ету бөлігінде тиісті тапсырмалар берілді, – деп хабарлады сенаторларға Серік Жұманғарин.

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың тіркеу дерекнамасын ЕАЭО талаптарына сәйкес уақтылы реттеу үшін бірнеше шаралар қолға алынғанын мәлімдеді. Біріншіден, сараптамалық жұмыстарды жеделдету мақсатында мерзімдер қысқартылып, 70 жұмыс күніне дейін қысқартылған.

Екіншіден, отандық өндірушілер үшін сараптама құнын 90%-ға дейін төмендету жоспарланған. Бұл өзгеріс шеңберінде сараптама құны 600 000 теңгеден 60 000 теңгеге дейін азаяды, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданған соң жүзеге аспақ.

Үшіншіден, дәрілік заттарды сараптау үшін ЕАЭО шеңберінде портал іске қосылды. Порталдың чаты бизнес сұрақтарына күн сайын жауап беруге, өтініш беру мен тіркеу куәлігін беру арасындағы процесті қадағалауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, ЕАЭО талаптарына сәйкестік бойынша бизнеске кеңес беру үшін Call-орталық та құрылды (телефон: 8-800-080-0071).

Бесіншіден, ДЗСҰО жүйесі дәрілік заттарды тіркеу дерекнамасын XML форматына көшіру функционалын енгізуде. Бұл қызмет тегін болады, ал интеграцияның аяқталуы 2024 жылдың 4-тоқсанына жоспарланған.

Бұл шаралар Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға жеткілікті ме, ол әлі белгісіз. Әсіресе геосаяси жағдайлар шиеленіскен сайын еліміздің фармацевтика саласын қиындықтар күтіп тұрғаны даусыз.

Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, Еуразиялық одақтың "ортақ дәрі нарығын" құруы халық үшін тиімді және сапалы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруды мақсат етеді. Бірақ одақтың талаптары отандық фармацевтика өндірушілері үшін үлкен қиындықтар туғызып жатқаны туралы шағымдар да түскен.

Олардың айтуынша, бұл процесс біріншіден, үлкен қаржылық ауыртпалық әкеле жатыр. Өз кезегінде бұл елімізде дәрі-дәрмектің тағы да жаппай қымбаттауына ұрындырады. Еске сала кетейін, елдегі дәрілердің бағасы тек ресми статистика бойынша былтырдан бері 11,2%, жыл басынан бері тағы 5,7% көтерілді. Екіншіден, одақ талабы бойынша дәрілік құралдардың айналымының жекелеген аспектілері шектен тыс реттеледі, бюрократияландырылады. Бұл да елдегі дәріге деген қолжетімділікті одан сайын қиындатады және қосымша кедергілер туғызады, – деді сенатор Айнұр Серікпайқызы.

Ол мына масқара жайтқа назар аудартты. Еуразиялық одақ Қазақстанның осы талапты енгізу мерзімін кейінге қалдыру талабын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты, сонымен бірге дәрі-дәрмектің регистрациялық досьесі бойынша ақпарат алмасуға арналған ЕАЭО-ның төл ақпараттық жүйесі әлі күнге дұрыс жұмыс істемейді, ақаулы. Одақ ол проблемаларын шешпесе, Қазақстан тиісті ақпаратын бұл жүйемен Еуразиялық экономикалық комиссияға бере алмайды.

Сенаторлар мен сарапшылар одақтың осыған арналған жүйелерінің қалпымен шикі екеніне назар аудартты. Мысалға, ЕАЭО Бірыңғай тіркелім-реестрінде референттік елде де, сондай-ақ танушы елде де тіркелген дәрілік құралдар бойынша толыққанды ақпарат жоқ. Салдарынан, бұл "ол дәрілерді елімізге шекарадан алып өтуге және денсаулық сақтау саласында практикалық қолдануға кедергі болады".

Қорыта айтқанда, жағдай жыларман хәлде. Үкіметтегілердің ұстанымынша, одан шығар жалғыз жол – Еуразиялық одақтың айтқанымен жүріп, дегеніне көну.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
1 Пікір
А
АСКЕР 11.11.2024
Осы одақ басымызға бәле болды, 2014 осы одаққа кіргелі қымбатшылык барлық тауарға
Жауап беру
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл