| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстан халқы 133,7 мың адамға көбейді. Оның жартысынан астамы елорда тұрғындарының есебінен қалыптасты. 1 қазандағы дерек бойынша, Астана халқы 1,7 миллионнан асқан, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда халық санының өсу қарқыны бойынша Астана өзге өңірлерден айтарлықтай алға шықты. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елорда тұрғындарының саны 67 974 адамға артып, 1 қазанда 1 707 150 адамға жетті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астанадағы демографиялық өсімнің негізгі бөлігі көші-қон есебінен қамтамасыз етілген. Тоғыз айда қалаға келгендер мен көшіп кеткендер арасындағы айырмашылық 52 741 адамды құрады. Бұл жалпы өсімнің 77,6 пайызына тең. Ал табиғи өсім нәтижесінде елорда халқы тағы 15 233 адамға көбейген.
Елордадағы өсім Қазақстан бойынша тіркелген жалпы көрсеткіштің 50,8 пайызын құрайды. Яғни елдегі әрбір екі жаңа тұрғынның біріне жуығы Астана халқының қатарына қосылған.
Халық санының артуы басқа ірі қалаларда да байқалады. Атап айтқанда, Алматы тұрғындарының саны тоғыз айда 44 002 адамға көбейіп, 2 392 105-ке жетті. Ал Шымкентте халық саны 26 693 адамға өсіп, 1 320 743 адамды құрады.
Осылайша, үш мегаполистегі тұрғындар саны жиынтығында 138 669 адамға артқан. Бұл Қазақстан бойынша тіркелген жалпы өсімнен де жоғары.
Ал өңірлердегі ахуал өзгеше. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 17 облыстың 12-сінде халық санының төмендеуі тіркелді. Ең үлкен кему Түркістан облысында байқалды – 7 796 адам. Жамбыл облысында тұрғындар саны 6 082 адамға, Абай облысында 5 560 адамға азайған.
Жалпы алғанда, 1 қазанға қарай Қазақстан халқының саны 20 633 529 адамға жетті. Жыл басынан бергі өсім 133 707 адамды құрады. Статистикалық деректер халық санының артуында ірі қалалардың, әсіресе Астананың рөлі басым екенін көрсетеді.