Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елдегі пандемияға қатысты айтылып жатқан пікір көп. Экономист, дәрігер, түрлі сала мамандары қазіргі жағдайға қатысты ой білдіріп, ел болашағын ойлауда. Заңгер Ержан Есімханов мемлекеттегі басқару жүйесі жайлы өзінің Instagram парақшасында жазды. Оның мемлекеттік басқару жүйесі, білім саласы және ел болашағы жайлы пікірін сіздерге ұсынуды жөн көрдік.
«Коронавирус елдегі қарапайым нәрсені дәлелдеді. Қазақстанда мемлекет жұмыс істемейді. Бізде мемлекет жоқ.
Бірыңғай, жақсы ойластырылған, ақылға қонымды жүйе жоқ. Керісінше, мотивациясы да, этикасы да, ішкі ұйымшылдығы да жоқ құрылымдардың жиынтығы бар. Бейбіт уақытта бұл комбинация қандай да бір жолмен өзекті мәселелерді шешуге көмектескен еді. Ал стрестік жағдайда керісінше, тез бұзылып, құлдырады.
Бұл тек бүкіл халықтың назарын аударып отырған денсаулық сақтау мәселесі емес. Бүгінгі таңда дәрігерлер нағыз ерлік көрсетіп жатыр, бірақ бұл аздық етеді. Себебі біздің мемлекетте жүйе мүлде жұмыс істемейді. Елдегі жүйе реформалар арқылы ұзақ уақыт бойы қиратылды, ұзақ уақыт бойы тым есепсіз басқарылды, ұзақ уақыт бойы санаулы адамдарды байыту құралы ретінде пайдаланылды. Дегенмен бәрі медицинадан басталған жоқ.
Естеріңізде болса, біздің жүйеде бірінші орында дағдарысқа ұшыраған – білім беру жүйесі. Онлайн оқыту бүкіл ел бойынша сәтсіз аяқталды. Жарайды, олар дайын болмады делік, бірақ жаңа оқу жылы жақындап келеді. Білім министрлігіне жазғы каникул арқылы жеңілдік берілді. Министрлік сол жеңілдікті қалай пайдалануда? Қыркүйектен бастап сәуір-мамыр айларындағы карантинде көргеніміздің бәрі қайтадан басталады.
Келесі кезек – әлеуметтік жүйе. Халық 42 500 теңгені қалай алуға тырысқанын бәріміз білеміз. Қазір медицина жеңіп жатқан жоқ. Келесі кезекте қандай бағыт сәтсіздікке ұшырайтынын білесіз бе? Полиция. Сірә халықтың табысының төмендеуі жақын арада қылмыстың көбеюіне әкеледі. Қазақстан полициясы дәл қазір осы жағдайға дайындалып жатыр ма? Менің оған күмәнім бар.
Біздің кез келген жүйеге тап болатын дағдарыс оны тозаққа жібереді. Мүмкін бұл бүкіл әлемде болып жатқан жағдай деп айтарсыз. Бірақ бүкіл әлем қателіктерден қорытынды шығаруға тырысады, бірақ бізде олай емес.
Мұның себептері бәрімізге түсінікті.
Мемлекеттік басқару жүйесі орталыққа толықтай бағынуға негізделген. Аймақтық жетекшілер өз аймағындағы адамдар үшін жұмыс істемейді. Олар таяқ жемеу үшін немесе сый және мадақ алу үшін ғана жұмыс істейді. «Левый берег»-те отырып, үлкен елді басқару мүмкін емес. Сондықтан орталықтың ең әдемі бастамалары да жарты жолда қалып қояды және ешқашан аяқталмайды.
Мемлекеттік басқару жүйесі проблемаларды шешу үшін ақша шашуды ғана үйреніп алған және басқа жолмен жұмыс істеуді білмейді. Соңғы жылдары елде жүзеге асырылған кез келген ірі жобаның бастапқы қаржысын алып, қорытындысымен салыстырыңыз. Соңында шыққан айырмашылық сізді таңқалдырады.
Қазақстандық басқару жүйесі адамдарға қызмет етеді, бірақ сол адамдарды түсінбейді. Адамдармен қарым-қатынас және кері байланыс дегеніміз өте қорқынышты жағдайда. Тікелей және көрнекті мысал – елордадағы кешегі отшашу. Негізінде, халықтың ойын түсінбейтін адамдар ғана осыны жүзеге асыра алады.
Мен сізге шынымды айтайын, бұл жүйені қандай да бір жолмен жөндеуге болатынына сенімді емеспін. Себебі шенеуніктердің ескі буынының артынан жаңа, әлдеқайда сауаты аз және әлдеқайда арсыз және қиянатшыл буын келе жатыр. Егер біз осы дағдарысты қандайда бір ғажайыптың көмегімен жеңіп шығатын болсақ, бәріне жағдайдың дәл осы қалпында жалғаса алмайтындығы түсінікті болатын сияқты.
Бұл жүйені өзгерту үшін бізге екі маңызды нәрседен бастау керек.
Біріншіден, сыбайлас жемқорлық елдегі ең ауыр жазаланатын қылмыстардың бірі болуы тиіс. Ұзақ, нақты мерзіммен, ешқандай «қылмыстық босату» болмай, болашақта өлім жазасы қабылданғаны дұрыс.
Екіншіден, үлкен деңгейдегі қала әкімдерінен бастап, ең кіші ауыл әкімдеріне дейін барлық деңгейдегі жергілікті шенеуніктерді біз сайлауымыз керек. Жоғарыдан сайлау болмасын, себебі ол нәтиже бермейді. Тағайындалған шенеуніктер бастарын құмға тығып, жалпы аза тұту кезінде отшашу ұйымдастыру сияқты таңғажайып, адамның ойына келмейтін іспен айналысады. Егер бұл мәселелер жақын арада шешілмесе, мемлекетіміздің қандай жағдайға тап болатыны белгісіз. Тіпті мемлекетіміздің болашағы болмайды».
Тағы көру