| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жасанды интеллект көмегімен өмірден өткен адамдардың суретін сөйлетіп, дауысын жаңғырту үрдісі кеңінен таралып келеді. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы марқұмдардың бейнесін жандандыруға қатысты діни ұстанымын түсіндірді. Мамандар мұндай контентті әзірлеуде бірқатар талапты ескеру қажеттігін атап өтті, — деп хабарлайды Dauletten.kz Информбюроға сілтеме жасап.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жасанды интеллект арқылы қайтыс болған адамдардың фотосуреттерін қозғалысқа келтіріп, сөйлететін бейнероликтер жиі жариялана бастады. Кейбір қолданушылар мұндай тәсілді өмірден өткен жақындарын еске алудың амалы ретінде қабылдайды. Ал енді біреулер марқұмның бейнесі мен дауысын технология арқылы өзгертуге қатысты алаңдаушылық білдіреді.
Жасанды интеллектінің дамуы бұрын мүмкін болмаған дүниелерді жүзеге асыруға жол ашты. Енді ескі фотосуреттерді жандандырып қана қоймай, адамның дауысын да ұқсатып жасауға болады. Алайда бұл мүмкіндікті пайдаланудың өзіндік жауапкершілігі бар.
Осы мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсініктеме берді. ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, марқұмның бейнесін оны сағынып еске алу немесе туыстарының көңілін жұбату мақсатында жандандыруға рұқсат етіледі. Дегенмен мұндай әрекет алдау мен жалған ақпарат тарату құралына айналмауы керек.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы марқұмның суретін қозғалысқа келтіру мен оның атынан сөз сөйлетудің аражігін ажырату қажет екенін айтты.
- Алдау болмаса, мазақтау болмаса, туыстарының рұқсатымен марқұмды қимылдатуға болады. Енді сөйлетудің де мәселесі алдауға жатпау керек. Атын пайдаланып хайп жинауға дін тыйым салады. Психологиялық тұрғыдан мамандар аса құптамайды екен. Қажет болмаса мұндай нәрсені көп қолдану адам психикасына теріс әсері бар дейді олар, – деді Елбек Тасболатұлы.
Оның түсіндіруінше, өмірден өткен адамның атынан өзі айтпаған сөздерді жеткізуге, жалған мәлімдеме жасатуға немесе бейнесін жарнамалық мақсатта пайдалануға болмайды. Сондай-ақ марқұмның есімін пайдаланып, әлеуметтік желіде танымалдық жинау да діни талаптарға қайшы келеді.
Мәселенің тағы бір қыры – психологиялық әсері. Марқұмды виртуалды түрде қайта тірілтіп, онымен сөйлескендей әсер қалыптастыру жақындарына әртүрлі ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мұндай контентті дайындау кезінде туыстарының сезімі мен психологиялық жағдайын ескерген жөн.
Бұл мәселеге қатысты қоғам белсенділері де өз пікірін білдірді. Олардың пайымынша, технологияның мүмкіндігін пайдаланған кезде адамгершілік пен әдеп нормалары сақталуы қажет. Әсіресе тарихи тұлғалардың бейнесіне орынсыз немесе әдепсіз сөздер айтқызу, сондай-ақ қайғылы жағдайда қаза болған адамдардың суретін пайдаланып, қаражат жинау әрекеттеріне шектеу қойылуы керек.
Жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелердің шынайы ақпараттан айырмашылығы анық көрсетілгені де маңызды. Өйткені көрермен мұндай видеоны марқұмның шын мәнінде айтқан сөзі немесе жасаған әрекеті деп қабылдауы мүмкін.
Осылайша, жаңа технологияны қолдануда тек техникалық мүмкіндікке емес, оның адамға және қоғамға ықпалына да назар аудару қажет. Марқұмның бейнесін пайдалану кезінде туыстарының келісімін алу, жалған ақпарат таратпау және адамның қадір-қасиетін құрметтеу басты талаптардың бірі болып қала береді.