Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда алғаш қаржылық пирамида пайда болған 90-жылдардан күні бүгінге дейін оның құрбандарының қатары күн санап артып келеді. Елімізде қаржылық пирамиданың қарапайым халыққа келтіріп жатқан материалдық залалы жыл сайын бірнеше миллиардтарға дейін барады.
Мысалы, 2017 жылдан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін Қылмыстық кодекстің 217-ші Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету туралы бабы бойынша 200-ге тарта іс қозғалған. Осы уақыт аралығында тек аяқталған қылмыстық істер бойынша материалдық залалдың жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден асты. Жапа шеккендер осы қаражаттың 5 пайызын ғана өтей алды. Ал бүгінде бірігіп жұмыс істеген үш қаржылық пирамида 8 миллиардтан аса шығын келтіріп отыр.
Қаржылық пирамидада ақшасын жоғалтқан салымшылардың барлығы құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Сондай-ақ полиция қаржылық пирамида құру туралы емес, көбіне Алаяқтық бабы бойынша іс қозғайды. Себебі бірнеше мың қатысушыдан бірнеше жапа шегуші ғана полицияға барады. Ал алаяқтық та, қаржылық пирамида да адамды алдауға құрылатындықтан, ұқсас келеді. Бірақ қаржылық пирамиданың басты ерекшелігі – жапа шегуші санының көптігі.
Назарларыңызға Қазақстандағы ең алғашқы қаржы пирамидаларынан күні бүгінге дейінгі ең атышулы жағдайлар тізімін ұсынамыз.
Кестеде көрсетілген соңғы 3 қаржылық пирамиданың жұмыс істеу алгоритмі бірдей. Халықты құрыққа түсіру мақсатында олар бірге жұмыс істеген. «Гарант 24 Ломбард», «Тиімді қарыз» («Выгодный займ»), «Estate Ломбард» азаматтардың сеніміне кіріп, танымал адамдар арқылы жарнама жасап, өңірлерде жалған директорлар тағайындаған. Соңғы деректерге сәйкес, дәл аталған ломбард істері бойынша 39 мың салымшы анықталып, шығын көлемі 8 миллиард теңгеден асқан.
Қазіргі қаржы пирамидаларының бұрынғыларынан басты айырмашылығы – ұйымдастырушыларының интернетті оңтайлы пайдаланып, халықты әлеуметтік желілер арқылы алдап соғуы. Оған мысал ретінде биыл интернетте кең таралған «Қазан» немесе «Қара касса» қаржылық пирамидаларын да атауға болады. «Қазан» мен «Қара касса» қатысушыларды 14 300 теңге салып, тағы екі адамды тарту арқылы үлкен табысқа кенелесіз деп сендірген. Бірақ аталған қаржылық пирамидалар ІІМ жүйесіндегі ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды ашуға маманданған бөлімшелер арқылы әшкереленді.
Соңғы жаңалықтарға сәйкес, халыққа пайызсыз баспана алып береміз деп сендірген, Қазақстанның 17 қаласында филиалы бар қаржы пирамидасының да қызметі тоқтады. Ол пирамида тұрғын үй алғысы келетін азаматтарға 180 мың теңге көлемінде кіру жарнасын төлеп, 10 ай бойы айына 50 мың теңгеден төлем жасауды ұсынған. Белгілі болғандай, бұл ұйымға адамдар 3,9 миллиард теңге салып үлгерген. Осы іске байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзіретті органдар әлі күнге дейін кооперативтің ресми атауын мәлімдеген жоқ.
Қаржылық пирамидалар пайызсыз несие, қыруар пайда, арзан баспана деп халықтың әлсіз тұстарын дөп басатыны жоғарыда берілген мысалдардан-ақ белгілі. Себебі халықтың қаржылық сауаты мен табысының төмендігі, сондай-ақ ашкөздігі мен сенгіштігі қаржылық пирамидалардың күні бүгінге дейін жемісті қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Сондықтан оңай пайдаға кенелемін деп алаяқтардың құрығына түсіп, қаржы пирамидасының құрбанына айналмас үшін оның белгілеріне назар аударуды ұсынамыз.
Қаржы пирамидасының белгілері:
Назерке БАЙЖАН
Тағы көру