Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Нұрсұлтан Орыналыұлы, «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры:
— «Қазақстан халқына» қорын құру туралы тапсырма берілгелі бері, қор туралы әңгіме көбейіп тұр. Сәтті жұмыс істеп жатқан қордың директоры ретінде қор аясында қандай жұмыстар істелгенін қалар едіңіз?
— «Қаңтар қырғыны» елімізде көптеген өзгерістер алып келіп жатыр. Соның бірі қордың құрылуы. Бірақ мұндай тенденциялар аса жаңалық емес. Тек Президентіміз «Жаңа Қазақстан» деп басымдық берген соң қордың құрылуы қоғамымызда үлкен талқыға түсіп, «Қазақстан халқына» қорынан халық үлкен үміт күтіп отыр. Бірақ бір қор Қазақстанның барлық әлеуметтік мәселесін шешіп тастайды деп айта алмаймыз. Сондықтан, рет ретімен Президенттің барлық әлеуметтік бастамалары шешімін тапса дұрыс болар еді. Қордың құрылымы, жұмыс жасау механизмдері ойластырылу үстінде. Қордың алғашқы жиналысына да қатыстым. Біз секілді қайырымдылық қорларымен серіктесе жұмыс жасайды деп күтілуде. Қор ең алдымен жұмыс істеу жүйесін дұрыс құрып, сөзден іске көшіп, кез келген мәселені жан жақты мұқият ойластырып барып жүзеге асырса деген тілегім бар. Әрбір мәселенің шығу төркініне терең үңіліп барып жұмыс істесе қор өзін ақтар еді. Мәселен науқас балалардың еміне ақшаны бере салмай, шетелдік білікті дәрігерлерді осында әкеліп, өзіміздің дәрігерлерімізге тәжірибе ретінде отасын, емін осында жасатса дәрігерлерімізге үлкен тәжірибе болар еді, бірнеше адамның ақшасы да үнемделер еді. Сол секілді әр қаржыны жұмсар алдында тиімділігі жан жақты ойластырылса деген тілегім бар. Бұл менің жеке пікірім. Жалпы, мұндай қорлар бұрында да елімізде болды. Мәселен пандемия кезінде елбасының қолдауымен «Біз біргеміз!» қоры құрылып, қысқа мерзімде бірнеше миллардтар жиналған болатын. Оның алдында жарылыс кезінде де уақытша қорлар құрылған еді. Бірақ ол қорлар қанша уақыт жұмыс істеді, қанша қаржы жиналды, жиналған қаржы қалай жұмсалды деген сұрақтарға қоғам алдында жауап берілген жоқ. Сондықтан «Қазақстан халқына» қорының жұмысы барынша ашық, жариялы болса ел сеніміне ие болар еді деген ойдамын.
— Осы орайда Сіздердің қорларыңыз қашаннан бері жұмыс істейді? Осы уақытқа дейін қандай шараларға мұрындық болды?
— «Dauletten қайырымдылық қоры» блогер, қоғам белсендісі, экономист Дәулет Төлеутайұлының бастамасымен 2020 жылы 14 мамырда құрылды. Қор жұмысының басты мақсаты — әлеуметтік санаттағы мұқтаж жандарға көмек қолын созу және білімді жастарға қолдау көрсету. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 500 миллионға жуық қайырымдылық жасалды. Нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін қор аясында — 493 670 000 теңгеге қайырымдылық көрсетілді. Қор жұмысын бастағалы — 42 баспана алынып, 290 адам өз шаңырағында қоныс тойын тойлады. 42 баспананың 26-сы мен басқарған 1 жыл ішінде табысталды. Сондай-ақ құрылғалы бері қор атынан 500 үйге азық-түлік берілді, 100 білімді жас шәкіртақы алды. «Dauletten қайырымдылық қоры» еліміздің танымал жандарымен бірлесе 100 білімді жасқа 100 мың теңгеден «Білімнің жұлдызы» шәкіртақысын тағайындады. Жамбыл облыcы Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккен және өрт орнында талмай қызмет етіп жүрген көпбалалы өрт сөндірушілер мен олардың отбасына аталған қор қаржысынан 100 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Жаңа оқу жылында қор тарапынан «Мектепке дайындық» акциясы ұйымдастырылып көпбалалы, толық емес отбасы санатына жататын 50 отбасыға мектепке қажетті заттарын алу мақсатында сертификаттар берілді. Риддердегі өртте қызмет еткен кей өрт сөндірушілерге ақшалай көмек көрсетілді. «Мың алғыс» қайырымдылық телемарафонында ауырып жатқан жандарға 25 миллионнан астам қаржылай көмек көрсетілді. Астана қаласынан «Qaiyrymdy Qala» әлеуметтік кешенін аштық. Кешенде әлеуметтік дүкен, логопед маманы, балалар мен отбасы психологы қызметтері қор есебінен көрсетіледі. Орталыққа тұрмысқа қажетті заттарды, қайырымдылық негізінде өткізеді. Ал көпбалалы отбасы мен жалғызбасты аналарға заттай көмек көрсетілді. Астана қаласы төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп 1 млн теңгеге Сарыарқа ауданында орналасқан аз қамтылған отбасыларға көмектестік. Бірнеше отбасыға жылыту маусымында пештерін жөндеп, мұржаларын ауыстырып бердік. 100-ге жуық өртті ескертетін дабыл құрылғылар орнаттық. Астанада «Жастар» театры жанынан ашылған «Qanattylar» инклюзивті театрына 1 млн теңгенің сертификатын табыстадық. Қордың негізгі бағыты бар болғанымен, кейде бас тарта алмайтындай жағдайлар болып қалады. Мәселен қордың ұйытқы болуымен бірнеше жанның ота жасауына көмек көрсетілді; Табиғи апат салдарынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының ҰБТ тапсыратын 160 түлегіне ноутбук сатып алынды; «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша көшкен 5 отбасыға 10 сиыр, 10 бұзау сатып алынды. Ол отбасыларға 1 жыл бойы 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде; «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігімен бірге «Оқушыны қолда» акциясы аясында жетім балаларға 20 планшет, 10 ноутбук сатып алынды. Жаңа оқу жылында қор тарапынан «Мектепке дайындық» акциясы ұйымдастырылып көпбалалы және толық емес отбасы санатына жататын 50 отбасына мектепке қажетті заттарын алу мақсатында сертификаттар табысталды. Тізе берсек мұндай қайырымды істеріміз өте көп. Атап өтер жайт, Дәукең атында болғанымен, ол бұл қордан еш жалақы, басқалай қаржылай қолдау алмайды.
— Қорға көмек сұрап хабарласатындар көп пе? Халық негізінен қандай көмек түрлеріне мұқтаж?
— Иә, халық көмек сұрап жиі хабарласады. Әсіресе, баспана мәселесімен. Қорымыздың негізгі бағыты баспаналы қамту және білім алуды қолдау бағытында болғандықтан, негізінен баспана алуға көмек сұрайтындар көп. Дегенмен оқу ақысын төлеп, білім гранттарын жиі табыстаймыз. Жетім балалар мен жағдайы төмен отбасы балаларының білім алуына көмек қолын созамыз. Емделуге көмек сұрап хабарласатындар да көп. Біздің қорымыздың бағыты ол бағытта болмаса да, айына бір рет «еміне шипа іздегендер» деп қайырымдылық күнін жариялап, жұма күні қаржы жинауға себепші болып жатамыз. Әркімнің несібесіне қарай әрқилы ақша жиналып жатады.
— Дәулет мырза «осы игі істе негізгі еңбек Нұрсұлтандыкі. Тек көп көрінбей қала береді» дейді. Өзіңіз туралы айта отырыңызшы?..
— Негізі қордың жұмысы Дәулет мырза инстаграмда танымал болып, халықтың ықыласына бөлене бастаған кезден басталды. Сол кезеңде көмек сұраушылар да көбейген еді. Алғашқы қайырымдылық ісіміз Алматы қаласында вагонда тұрып жатқан отбасына көмек көрсетуден басталды. Одан кейін пандемия жарияланды. Ол кезде мен Алматы облысы бойынша ерікті болатынмын. Дәукең бәріміздің басымызды қосып «Екінші тыныс» акциясын бастады. Сол акция арқасында Түркия мен Қытай Республикасынан 300 оттегі концентраттары еліміздің ауруханаларына жеткізілді. Негізі қордың жұмысы осындай бір халықтың басына қиын күндер туғанда басталған болатын. «Исатай басшы, мен қосшы» дегендей, осы бастаманы бір жүйеге келтіру керек болды. Қор құрылған кезде Ұлан деген бала кезден бірге өскен, «ХХІ ғасырдың көшбасшысы» бағдарламасына бірге қатысқан досымыз басқарған болатын. Негізі кез келген нәрсені бастау қиын. Осы орайда қордың жұмысын жүйелеп, қор жұмысын бастап берген Ұланның еңбегі айтарлықтай. Өзім Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын саясаттану мамандығы бойынша бітіргенмін. Философия және саясаттану институтында ғылыми қызметкер болып ұзақ уақыт жұмыс істедім. Яғни, әлеуметтік ғылымдар магистрі, заңгермін. Жасым қазір 27-де. Қолымыздан келгенше қордың жұмысын жүргізіп жатырмыз. Былтыр азды көпті еңбегіміз ескеріліп, қала әкімінің қолынан «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Жыл меценаты-2021» марапатын алдым.
— Дәулеттің әлеуметтік желілері қазір халық арасында кеңінен танымал. Соның арқасында аналарымыз декретке миллионмен шығып, баспанаға бағыт та алып жатады. Сайттарыңызға қарасам кәсіп ашуға мотивация мол екен. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
— «Қазақстан халқына» қорымен серіктестік негізде жұмыс істейміз деп отырмыз. Аталмыш қордың қамқоршылық кеңесінің мүшелерінен ұсыныс түсіп жатыр. Сондай ақ «бала шағамен Солтүстікке» деген акция жариялап, көпбалалы отбасыларды Солтүстікке көшіруге мұрындық болуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, ауылға көшкісі келетін отбасыларды малмен, үй жаймен қамтамасыз ету, қолдау бағытында жұмыстар жүргізбекпіз. Осы уақытқа дейін де 2020 жылы осындай акция ұйымдастырып бес отбасыны ауылға орналастырған болатынбыз. Яғни, бұл бағытта тәжірибеміз бар деп айта аламыз. Алдағы уақытта сол игілікті істі әрі қарай жалғастырмақпыз.
— Елімізде төтенше жағдай кезінде «Дәулеттен қайырымдылық қоры» әрқашан да белсенді. Жалпы, көмек беру туралы шешім қалай қабылданады?
— Тек төтенше жағдай кезінде ғана емес, жалпы елімізде орын алған кез келген оқиға кезінде қор тарапынан тезірек көмек қолын созып, нақты әрекеттер жасап, басы қасында жүруге тырысамыз. Қордың директоры ретінде ұсынысымды айтып, ортақ талқыға саламыз. Қордың жарғысына сай, кез келген мәселе ортақ талқыға салына отырып шешіледі. Күн тәртібіндегі мәселе талқыланып, бекітіледі. Қамқоршылық кеңесінің мүшелері Дәулет Төлеутайұлы, Ұлан Дәулетқали, Шәміл Жұмағұлұлы деген азаматтар өз көзқарастарын білдіріп, дауысқа салады. Қорға қаржы халық тарапынан жиналатын болғандықтан халықпен де ойласып, дауыс беру арқылы кез келген мәселені ортаға салып, ойласып отырамыз.
— Қазір қайырымдылық қорлары көп, жекелеген ақша жинайтын блоггерлер де көбейіп тұр. Қайырымдылық жасауды біріздендіру керек пе?
— Осы мәселені «Қазақстан халқына» қорымен болған жиында басқа да қоғамдық қорлармен бірге талқылаған болатынбыз. Мұндай әдіс әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен Түркияда осындай қайырымдылық қорларының барлығын бір жерге жинау арқылы жұмыс жасайды. Бізде де қайырымдылық жасаумен айналысатын қорлардың бірыңғай реестері жасалып жатыр. Біріздендіру арқылы ашықтық, жариялылылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді. Бұл жерде заңдық тұрғыдан біреу жауапкершілік алмағаннан кейін халықтың көңілінде күмән туады. Алаяқтар да кездесіп жатады. Негізі қорларды жүйелеген дұрыс.
— Үкіметтің басты мақсаты әлеуметтік жағдайды жақсарту болып отыр. Халықтың әлеуметтік жағдайын қалай көтереміз?
— Әлеуметтік мәселелер қай уақытта да болған, бола да береді. Бірақ мемлекет ұзақ мерзімді стратегиялық жобалар құру арқылы жағдайы төмен жанұялардың санын азайту бағытында жұмыс істеуі керек. Дегенмен ол арыз айтып келген адамға азық-түлік алып беру немесе көмірін түсіріп беру секілді уақытша, бір реттік көмектермен көрініс таппауы керек. Біз ондай жолмен халықты масылдыққа үйретеміз. Мемлекетке қол жаю, бәріне мемлекет жауап беру Кеңестік кезеңнен қалған көзқарас. Біз капиталистік қоғамда өмір сүргеннен кейін әр азамат өзінің әлеуметтік жағдайына өзі жауапты болуы керек. Бұл менің жеке пікірім. Қор арқылы әлеуметтік жағдайы төмен, осал топтардың көбейіп бара жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан мемлекет жұмыс орындарын ашып, халықты ұзақ мерзімді жұмыс орындарымен қамтамасыз етуі керек. «Жастар практикасы» секілді жастарды уақытша жұмыстармен қамтитын алты айлық, бір жылдық бағдаламалардан гөрі, халықты тұрақты жұмыспен қамтитын зауыт фабрикалар ашудың маңызы зор дер едім.
— Қазақ кәсіпке бейімсіз бе, әлде кедергі көп пе?
— Қазақ кәсіпке бейімсіз деп айта алмас едім. Керісінше қазақтың қолынан бәрі келеді. Қолға алған кез келген кәсіпті дөңгелетіп алып кетеді. Салада кедергілер бар. Бірақ кәсіп бастаймын деген адамға дәл қазіргі уақытта қолдау да көп. Мемлекет тарапынан бизнесті тексеруге мораторий жарияланған. Кедергіден гөрі қайтарымсыз несие беру секілді мүмкіндік көп дер едім. Мемлекет қолдау көрсетпегеннің өзінде өз еліңде, бейбіт елде кәсіп жүргізу мол мүмкіндік. Өз айналамдағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбегіне қарай нәпақасын жеп жатқанын көріп отырмын. Мәселен Түркияда атадан қалған кәсіп көп. Біреу етікші, енді біреудің асханасы бар және талай уақыттан бері жұмыс істеп жатқанын естисің, әкеден балаға өтетін кәсібі бар. Біздің де халқымызда осындай кәсіп иелері болса деген арманым бар. Соны жолға қоюға тырысуымыз керек.
Ақпарат zhasalash.kz сайтынан алынған.