| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Үкімет ауылдар мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамыту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жыл сайын 400 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин таныстырған «Іскер аймақ» бағдарламасы тез нәтиже беретін әрі іске асыруы жеңіл өндіріс түрлерін дамытуға негізделген. Бағдарлама ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, шағын наубайханалар ашу, жиһаз және құрылыс материалдарын шығару секілді бағыттарды қамтиды.
Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Бір жобаға берілетін несие көлемі 200 млн теңгеден аспайды. Мемлекеттік субсидия есебінен пайыздық мөлшерлеме шамамен 8,8 пайыз деңгейінде белгіленбек. Қарызды өтеу мерзімі үш жылға дейін.
Кепілдік мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге «Даму» қоры қолдау көрсетеді. Қор қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру арқылы қаржыға қолжетімділікті арттырмақ. Сонымен қатар, бағдарлама аясында өндіріс орындарын орналастыру үшін жеңілдетілген шартпен ғимараттар мен жер телімдерін жалға алу, инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі ұсынылады.
Өндірісті тиімді іске қосу үшін кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетіліп, салалық онлайн-оқыту курстары ұйымдастырылады. Бұл ретте «Ауыл аманаты» мен «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысқан кәсіпкерлерге басымдық беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер egov.business және Damu Online платформалары арқылы онлайн қабылданады. Ал шалғай елді мекендерде арнайы мобильді кеңселер жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарға кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.