Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев қаржылық қиындыққа тап болған зейнеткерлердің берешегін есептен шығаруды ұсынды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Депутаттың айтуынша, қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесуге бағытталған заңнамалық механизмдер, соның ішінде банктер алдындағы берешекті кешіру, соттан тыс немесе сот арқылы “банкрот” деп тану және төлем қабілетін арттыру шаралары тиімді жұмыс істемей отыр.
Бұл жүйе борышкерлерге сырттан көмекке жүгінбей-ақ, өтініш беру мүмкіндігін қарастыруы керек еді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, 6 млн 291 мың теңгеден аспайтын қарызы бар азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады. Алайда жалғыз құрал ретінде қарастырылған Е-өтініш қосымшасы арқылы жолданған өтініштер қанағаттандырылмай келеді.
Салдарынан өмір бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан азаматтар өз зейнетақысынан айырылуда. Олардың көпшілігі банктерге берешек, ал сот орындаушылары есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қойған. Банктерден небәрі 32 мың теңге зейнетақысы есепшотқа түспей жатып, жоғалып кеткен зейнеткерлерді кездестіруге болады. Бұл мәселені зерттей келе, зейнетақының кіріс көзі ретінде қарастырылатыны және әлеуметтік қорғалған есепшоттар санатына жатқызылмағаны анықталды.
- Зейнетақы қорындағы қаржы халық игілігіне жұмсалып жатқанын ескерсек, зейнетақыны кіріс көзі ретінде есептеу дұрыс па?” – деп сұрады депутат. “Зейнетақы жинағына қол салғанымыз аздай, енді зейнеткерлердің өз зейнетақысын пайдалануына да тосқауыл қою – елдігімізге сын, – деп түйіндеді ол.
Қайрат Балабиев келесі шараларды жүзеге асыруды ұсынды:
• Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды;
• Республикалық деректер базасы арқылы банктерге қарызы бар зейнеткерлерді анықтауды;
• Құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс немесе сот арқылы “банкрот” деп тану процесін жеңілдетуді;
• Зейнеткерлердің қарызын кешіруді;
• Барлық екінші деңгейлі банктер мен “Қазпошта” мекемесінде зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттар ашуды.